Кейінгі аптада еліміздің бірқатар өңірінде, соның ішінде Алматы қаласында мектептердің Kundelik.kz платформасынан BilimClass жүйесіне жаппай көшуі ата-аналардың наразылығын күшейтті. Оқу жылының қақ ортасында енгізілген бұл өзгеріс қоғамда неге дау тудырды? Мәселенің мән-жайын Dalanews.kz редакциясы саралап көрді.
Әкімдік не дейді?
Алматы қаласының Білім басқармасы мектептердің BilimClass жүйесіне көшуі жоспарлы әрі жан-жақты талдаудан кейін қабылданған шешім екенін мәлімдеді.
Айтуларынша, 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанында мектептер толықтай BilimClass электронды журналына өтеді.
Ресми хабарламада аталған платформа қазақстандық әзірлеме екені, серверлерінің Қазақстан аумағында орналасқаны және деректер қауіпсіздігіне кепілдік беретіні айтылған.
Сондай-ақ олар бұл шешімге дейін BilimClass жүйесінің қауіпсіздігі мен тиімділігіне алдын ала талдау жүргізілгенін жеткізді. Атап айтқанда, платформа мегаполистегі 15 мектепте пилоттық режимде сынақтан өткен.
“Пилоттық апробация нәтижелері BilimClass жүйесінің барлық қажетті талаптарға сай екенін көрсетті. Платформа пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді, серверлері Қазақстан аумағында орналасқан және ел заңнамасына толық сәйкес келеді”, – деп мәлімдеді Білім басқармасы.
Сонымен қатар басқарма өкілдерінің айтуынша, көшу процесі оқу үдерісіне кері әсер етпеуі үшін арнайы жоспарланған. Осыған байланысты мұғалімдер жаңа платформамен жұмыс істеу бойынша тегін оқытудан өткен, ал техникалық қолдау қызметі мектептерді тұрақты түрде сүйемелдеп отыр.
BilimClass қандай платформа?
BilimClass тек электронды журналмен шектелмейді. Ведомство мәліметінше, платформа мектепті әкімшілендіру жүйесін, оқу контентін, әдістемелік талдау мен аналитиканы қамтитын кешенді цифрлық шешім. Қазіргі таңда бұл жүйені Қазақстанның 11 өңірінде 2,5 миллион оқушы мен 350 мың мұғалім пайдаланып отыр.
"Платформаны іске асырумен Bilim Group IT-холдингі айналысады", - деді олар.
Білім басқармасының мәліметінше, ата-аналар мен оқушылар BilimClass-тың тегін мобильді қосымшасы арқылы сабақ кестесін, қатысу көрсеткішін, оқу үлгерімін және үй тапсырмаларын бақылауға мүмкіндік алады. Ал педагогтер үшін күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан сабақ өткізу, интерактивті тапсырмалар, БЖБ/ТЖБ каталогы, чат пен кері байланыс құралдары қарастырылған.
“BilimClass жүйесіне көшу қысқы демалыс кезеңіне жоспарланды. Бұл оқу процесінің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік береді”, – деп түйіндеді Алматы қаласының Білім басқармасы.
Ата-аналар неге алаңдаулы?
Ата-аналар оқу жылы аяқталмай жатып цифрлық платформаны ауысстыру оқу процесінің тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Осыған байланысты олар epetition.kz сайтында арнайы петиция жариялап, қабылданған шешімге қарсылық білдірген. Петиция авторларының айтуынша, мұндай өзгеріс мұғалімдердің жұмысын қиындатып, оқушылардың психологиялық жай-күйіне де салмақ салуы мүмкін.
Сонымен қатар қоғамда оқушылар мен педагогтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар да көтерілді. Kundelik.kz өкілдері Алматыдағы бірқатар мектептің деректері пайдаланушылардың келісімінсіз басқа платформаға көшірілгенін мәлімдеген.
Мұғалім пікірі
Dalanews.kz редакциясына пікір білдірген мұғалімдердің бірі оқу жылы барысында LMS жүйесін ауыстыру педагогтер үшін артық жүктеме екенін жеткізді. Оның сөзінше, жаңа платформаға бейімделу уақыт пен қосымша күшті талап етеді. Себебі бұрынғы жүйеде жасалған жұмыстарды қайта көшіру, жаңа интерфейске үйрену, оқу жоспарлары мен бағаларды қайта енгізу қажет.
“Оқу жылының ортасында LMS ауыстыру өте ыңғайсыз. Жұмысты қайтадан көшіру уақыт алады. Таныс емес платформаға алдымен бейімделу керек, жоспарлар мен бағаларды қайта қоюға тура келеді”, – дейді ол.
Мұғалім алдымен Kundelik.kz платформасының артықшылықтарына тоқталды. Оның сөзінше, Kundelik.kz платформасында барлық оқушы мен ата-ана туралы мәлімет бір базаға жинақталған. Жүйеге логин мен пароль арқылы кіріп, басқа сыныптардың күнтізбелік-тақырыптық жоспары (КТП), қысқа мерзімді жоспарлары (ҚМЖ) сияқты қажетті құжаттарын жүктеп алуға мүмкіндік бар.
“Kundelik.kz платформасында табель шығару, бағаларды модерациялау сияқты мұғалімдерге қолайлы функциялар бар. Көпшілік үшін бұл жүйе жұмыс процесінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді”, – дейді ол.
Мұғалім осы қалыптасқан жүйеден оқу жылының ортасында бас тарту педагогтерге қосымша қиындық туғызғанын атап өтті. Сондай-ақ ол аталған платформа Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолдауға ие екенін және мектептердің осы талапқа сай көшіп жатқанын да жоққа шығармады.
Алайда ұстаз BilimClass жүйесінде кейбір функциялардың әлі де жетілдіруді қажет ететінін жеткізді. Атап айтқанда, басқа сыныптар мен мұғалімдерден материал көшіру мүмкіндігі қарастырылмаған, сондай-ақ ҚМЖ тіркеу талабы жоқ.
Ұстаз бұған дейін жекеменшік мектептерде қолданылған Egupage платформасын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл жүйе ата-анамен байланыс орнату, ұжымға хабарлама жіберу, сабақ алмастыру сияқты тиімді мүмкіндіктерімен ерекшеленгенімен, кейін рұқсат етілген платформалар тізімінен алынып тасталған.
“BilimClass бұл платформалармен салыстырғанда әлі де жетілдіруді қажет етеді. Дегенмен уақыт өте келе кемшіліктері түзетіледі деп үміттенеміз”, – деп қорытындылады мұғалім.
