Тоқаев имидждік шаралардан бас тарту жөнінде тапсырма берді

Қаракөз Амантай 16 апр. 2024 15:12 5528

Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады”, – деді Президент.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 13-14 маусымында болатын Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жойқын су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін басқа шараларға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу қажет екенін ескере отырып, биылғы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдады", – деп мәлім етті Ақорда баспасөз қызметі.

Президент форумға шақырылған қонақтар бұл шешімге түсіністікпен қарайды деп сенетінін жеткізді. Астана халықаралық форумы өз жұмысын 2025 жылы жалғастыратын болады.

Астана халықаралық форумы шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, ірі компаниялардың, іскерлік және академиялық қауымдастықтың жоғары лауазымды делегаттары арасындағы диалог алаңы болды. Биыл форум екінші рет өтуге тиіс еді.

Айта кетейік, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті.


Рекомендовать
Последние новости