Тоқаев Қорғаныс министрін отставкаға жіберді

Dalanews 31 авг. 2021 07:37 858

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады", – деп нақтылады Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлемжелідегі парақшасында.

Жамбылдағы төтенше оқиғадан кейін Ермекбаев отставкаға кетуді ұйғарғанын мәлімдеген. 

"Менің қазіргі басты мақсатым – тез арада апат салдарын жою. Ал отставка мәселесі туралы айтар болсақ, мен осы [жарылыс болғаны туралы] хабарды естігеннен кейін бірінші минутта отставкаға кетуді сұрап өтініш беремін деген шешім қабылдадым. Ал қалғанын жоғарғы басшылық шешеді", – деген болатын Ермекбаев.

Алайда артынан "барлығына министр кінәлі деу, бір жағынан надандық", – деп пікір білдірген. 

"Бұл өте күрделі механизм. Бір адамның барлығын қадағалауы өте қиын. Бірақ бізде сондай бір қағида бар: бірінші жетекші бәріне жауап береді", – деген еді экс-министр.  

26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды.

Салдарынан 98 адам жарақаттанған. Олардың бәрі қорғаныс министрлігі мен төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері. Тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ дейді жергілікті билік.

Жарылыстан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті.


Олардың арасында төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар. Үш адамның кім екені әлі анықталмады. Бұдан бөлек, бір адам хабар-ошарсыз кеткен.

Ермекбаев өз кезегінде жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылаған.

Нұрлан Ермекбаевтың сөзінше, әскери қоймада жарылған оқ-дәрілер осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласынан әкелінген.

2019 жылы 24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, төрт адам қаза тапқан еді. Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған.

 

https://dalanews.kz/sadak/67157-toqaevqa-zhemqorlardyng-tizimin-bering

 

 

Рекомендовать
Последние новости