Тоқаев: "Қаржы пирамидаларын жою туралы бұйрығым орындалды ма?"

Dalanews 02 нояб. 2021 12:30 837

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Елимановты қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президентке Қазақстанның ақшаны жымқыруға қарсы қаржылық әрекет жөніндегі жұмыс тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарына сәйкестігін өзара бағалаудың екінші раундына дайындығы туралы баяндалды. Агенттік төрағасы ұлттық тәуекелдерді бағалау нәтижелері және ФАТФ-тың бірқатар негізгі ұсынымдарын ұлттық заңнамаға енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасын парламентте қарау барысы туралы айтты.

Мемлекет басшысы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалады. Атап айтқанда, қабылданған шаралар ақша жымқыруға қарсы Basel AML индексі бойынша әлемдік рейтингте Қазақстанның позициясын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ президентке еліміздегі көлеңкелі экономикамен күрестің жай-күйі туралы ақпарат берілді. 490 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған, оның ішінде 28-і ұйымдасқан қылмыстық топ құру, жалған шот-фактуралар берген тұлғаларға және қылмыстық қолма-қол ақшаға айналдыру фактілері бойынша.

Бұдан бөлек, Жанат Елиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржылық пирамидаларды жою туралы бұйрығының орындалу барысы туралы хабарлады.

Жыл басынан бері қаржы агенттігі 5 қаржы пирамидасының жолын кесіп, зардап шеккендерге 2,3 млрд теңге қайтарып берген.


Мемлекет басшысы құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Тоқаев азаматтардың қаржылық пирамидаларға алданбауы үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеді.

Рекомендовать
Последние новости