Тоқаев Назарбаевтың биліктегі 30 жылына баға берді

Dalanews 02 июл. 2020 06:35 1373

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш президентті туған күнімен құттықтап, "Егемен Қазақстанда" көлемі мақала жариялады. Санаулы күннен кейін 80-ге толатын Назарбаев былтырғы жылдың наурызында орынтағын босатып, оны Тоқаевқа тапсырған еді. Dalanews.kz осы мақаланың ықшамдалған үлгісін оқырман назарына ұсынады.

Тоқаевтың айтуынша Нұрсұлтан Әбіш­ұлы – айрықша ерік-жі­герімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері! Ол – тәуелсіз елдің төл тарихын өз қолымен жасаған тегеу­рінді тұлға!

"Менің Елбасын алғаш көр­геніме де 35 жылдың жүзі болып­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы 1985 жыл­дың қыркүйегінде Қазақ КСР Ми­нистрлер Кеңесінің Төрағасы кезінде Қытайға келген еді. Ол кезде елшілікте жұмыс істейтінмін. Сон­да Үкімет басшысының қы­тай­лық­тар­мен келіссөздер барысында бай­қалған мол біліміне, тоталитаризм тұсын­да қа­лып­тасқан жайлар жөніндегі батыл ойларына, сөзінің жүйелілігіне бәрі­міз қатты разы болғанбыз.

Елшілік қызмет­керлерімен бас-аяғы екі жарым сағатқа созылған бейресми әңгімеден кейін бас қос­қанымызда мен әріптестеріме қарап: "Те­гінде, біз Қазақстанның болашақ бас­шы­сымен сөйлескен шығармыз" дедім. Арада бес жыл өткенде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас­­шы­лығына келді", – дейді Тоқаев.

Оның пікірінше 90-шы жылдағы аумалы-төкпелі шақта Назарбаевтың ұйымдастырушылық қабілеті барынша ашылған.

"1989 жылы маусым айында ол Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің бірінші хат­шысы болды, ал 1990 жылы сәуір айында Жоғарғы Кеңес оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті етіп сайлады. Осылайша, сол кез­дегі әлемдік геосаясаттағы ең ықпалды елдің бірі саналатын КСРО көлеміндегі ең жас әрі ықпалды басшы ретінде көзге түсті.

Нұрсұлтан Назарбаев кә­нігі саясаткер ретінде алып елдің кетеуі кетіп, ша­ңырағы шай­қа­лып тұрғанын жақсы сезінді. Сон­дықтан да сол сындарлы шақ­та Одақ басшылары ортасында жүріп жатқан ойыннан тыс болып, интеграциялық үрдіс­тердің жақтаушысы ретінде көрінді.


Бұл ұстанымы қаһарлы елдің қабырғасы сө­гілген кезде ТМД ұйы­мын құруға негіз болды. Жа­ңа мемлекеттердің құрылуына байла­нысты "югославиялық сце­­нарийдің" болғанын ескерсек, бұл шын мәнінде ықти­мал қантөгістің алдын алған сарабдал шешім болатын", – дейді ол.

Тоқаев осы арада тоқырау жылдарына тоқталып, Назарбаевқа тұралаған экономика, тоқтаған кәсіпорындар мен ауыл шаруа­шылығы, кедей­шілік, жұмыссыздық мә­селелері "мұраға" қалғанын айтыпты.

"Сондай-ақ сол кездегі көптеген саясаткерлер мен сарапшылар еліміздің болашағына үл­кен күмәнмен қарағаны да шындық. Олардың пайымынша, Қазақстандағы эко­номикалық, демографиялық қиын­дықтар мен шекараның заңды түрде бе­кітілмеуі елдің шынайы тәуелсіздігіне нұқ­сан келтіреді-міс.

Алайда Тұңғыш Президенттің парасатпен жүргізген пәр­­менді саясаты әлгіндей сенімсіздік та­ныт­­қан тұжырымдардың тас-талқанын шығарды. Бір ғана шекара белдеуін шегендеп берудің өзі қаншама қажыр-қайратты қажет етті десеңізші", – дейді ол.

Президенттің айтуынша Елбасының ең үлкен ерлігі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болды. Тұңғыш Президенттің тоқ­тамын халықаралық қа­уым­дастық та оң қа­былдаған екен.

"Айталық Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы "Невада" полигоны, фран­цуздардың Тынық мұхиттағы полигоны және Қытайдың Лобнор ядролық сынақ алаңы жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез келген нүктесіне жетерлік бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыранды құрайтын мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып, залалсыздандырылды.

2006 жылдың қыркүйегінде аймақтағы өзге де елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Келісімге қазірдің өзінде 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификацияланды. Қазақстанның бұл бейбітшіл идея­сы негізінде Президент Жарлыққа қол қойған 29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып өтеді. Осы бейбіт бастаманы әлі де белсенді жалғастыруымыз қажет", – дейді Тоқаев.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының Назарбаевтың жұмысын жоғары бағалаған Ли Куан Юды мысалға келтіріпті. Тоқаевтың пайымдауынша Назарбаев әлемде жан-жақты байланысты жүргізе отырып, көпвекторлы саясаттың негізін қалаған адам. 


"Бұл жөнінде "Президент Назарбаев – кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі респуб­ликалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев елді басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады" деген Сингапурдың бірінші Премьер-министрі, көрнекті саяси тұлға Ли Куан Юдың бағасы әділ болғанын тарих­тың өзі дәлелдеп отыр", – дейді Тоқаев.

"Егеменде" жариялаған мақаласында Қазақстанның қазіргі президенті Елбасының ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болғанын айтыпты.

"Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді.

 

"Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан" дейді халқымыз. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің билігін қолға алған 30 жылдың ішінде жаңа мемлекет құрудың барлық қиындығын бастан өткерді. Еңселі мұраттарды еңсеріп, толағай табысқа қол жеткізді. Қазақ жұртын төрткүл дүниеге танытып, барша әлемге мойындата білді", – дейді ол.

Мақаланың тоқ етерін Тоқаев "Елбасынан көп нәрсе үйрендім, өмірлік өнеге алдым" деп түйіндепті.

"Былтыр еліміздің тарихында үлкен бетбұрыс болды. Тұңғыш Президент биліктің ауысуы барысында маған өлшеусіз сенім артты. Бұл тағы да Елбасы ел мүддесі жолында кез келген шешімге бара алатын ерекше батылдығын байқатты. Ең бас­тысы, біз биліктің ауысуын тұрақтылық жағдайында өткізе білдік. Бұл – Елбасының парасаты мен көрегенділігін көрсеткен тарихи оқиға. Былтырғы Президент сайлауында халық Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі!

Індетпен күрес шаралары әлі жал­ғасады. Елбасы осы сындарлы кезеңде де елімен етене екенін білдіріп, өзі же­текшілік ететін Nur Otan партиясының жалпыхалықтық "Біз біргеміз!" акция­сын жариялады. Үндеу тастап, үнемі бір-бірімізге қолдау көрсетуге шақырды. Күллі ел Елбасының ізгілікке шақыруын қабыл алып, күрделі кезеңде береке-бірліктің үлгісін көрсетуде. Бұл игі бас­тама Нұрсұлтан Әбішұлының халықты мемлекеттік мүддеге жұмылдырушы тұлға екенін тағы да айқын танытты.

Ол – шын мәнінде жаһан жұртына кең танымал, халықаралық қауымдастықта айрықша беделді, әлемдік деңгейдегі саясат сардары", – дейді Тоқаев.

Дереккөз: egemen.kz

Рекомендовать
Последние новости