Тоқаев Лукашенконың кебін кигісі келмейді. "Батька" өзін де, елін де кіріптар етті - сарапшы

Dalanews 06 дек. 2023 09:00 1201

Саясаттанушы Димаш Әлжанов «Solidarity» басылымына сұхбат беріп, қаңтар оқиғасынан кейінгі Қазақстан жайлы айтты деп жазады Dalanews.kz. 

– 23 қарашада Минскіде өткен ҰҚШҰ саммитінде Тоқаев Лукашенконы Батысқа қарсы тұруға шақырғаны үшін сынады: Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдеме мүлде қате түсінік қалыптастыруы мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай көрінеді, - деді. Президенттің бұл сөзінің астарында нендей сыр жатыр?

– Путин мен Лукашенконың риторикасының аясында Тоқаев батыс елдерімен ынтымақтасуға бейім саясаткер рөлін алуға тырысуда. Қазақстан үшін мұнай мен басқа да ресурстардың еркін экспорты, бастысы Батыс нарығындағы қаржы құралдарының ашық болуы маңызды. Бұл қазынаға түсетін кіріс пен оның тұрақтылығына әсер етеді.

Бұған қоса екіжақты байланыс адам құқықтары мен саяси бостандықтардың шектелуіне қатысты түйткілдерді реттеуде сеп.

– Мамыр айында II Еуразиялық экономикалық форумда Тоқаев Ресей мен Беларусь одағы туралы "Екі ел – бір мемлекет" формуласы бойынша мемлекет құрудың бірегей үлгісі жасалып отыр. Біртұтас одақтық үкімет, біртұтас одақтық парламент бар. Кешіріңіздер, тіпті ядролық қару да қазір екеуге біреу" деп айтты. Содан кейін Лукашенконың "одаққа қосылу туралы" ұсынысына жауап ретінде "Бұл әзілге жоғары баға бердім" деді.

Бұл ретте Тоқаевтың Ресей, Беларусь, ЕАЭО және ҰҚШҰ мүшелері болып табылатын басқа да посткеңестік мемлекеттермен интеграцияға қатысты ұстанымын тарқатсаңыз...

– ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция Қазақстанға кері әсер еткеніне қарамастан, Тоқаев оның тұрақты қолдаушысы. Бұл ұстаным Қазақстанда үлкен алаңдаушылық  туғызуда.

Сондықтан Тоқаев "одақтық мемлекет" туралы мәлімдемелерді ашық түрде қолдамайды. Бұл оның ел ішіндегі лигитимділігіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін. Өйткені 2022 жылдың қаңтарынан кейін көпшілік Тоқаевты ресейлік әскерлердің арқасында билікті сақтап қалған тұлға санайды.

Тоқаевтың нақты экономикалық саясаты жоқ, сондықтан ол ЕАЭО проблемаларын толық түсінеді деу қиын. Оған қоса бұл келісімді қайта қарауға елеулі амбиция болмай тұр. ҰҚШҰ-ға келетін болсақ, бұл ұйымның тиімсіздігіне қарамастан, ол билікті сақтап қалуға көмектесті. Сондықтан Тоқаев одан шығуға үзілді-кесілді қарсы.


Оның президенттік мерзімінің соңында билікті берудің анық емес перспективаларын ескере отырып (2022 жылы Қазақстанда Конституцияға түзетулер қабылданды, оған сәйкес мемлекет басшысының өкілеттік мерзімі жеті жылға дейін ұзарды, бірақ президент екінші мерзімге үміткер бола алмайды – С.), ҰҚШҰ-ға мүшелік оның түсінігінде практикалық мәнге ие.

– Тоқаевтың мәлімдемелеріне қарасақ, ол өзін 2020 жылғы президент сайлауынан кейін бірқатар елде заңды президент деп танылмаған және Путиннің талаптарына бағынуға мәжбүр болған Лукашенкодан жоғары қоятын сияқты. Солай деп айта аламыз ба?

– Лукашенко өзін де, елін де кіріптар етіп қойды. Сондықтан Тоқаев Кремльге қанша адал болса да, Лукашенконың жағдайына түскісі келмейді. Жеке тәуелділіктің артуы және Беларусьтің Ресейге егемендігін ішінара жоғалтуы Лукашенкоға кері әсер тигізеді. Бұл оны әлсіз күйге түсіреді,  ол автократтардың арасында да дипломатиялық деңгейде  байқалады.

– Жақында Путиннің Қазақстанға сапары кезінде Тоқаевтың қазақша сөйлеген бейнежазбасы үлкен резонанс тудырды. Ресейлік делегация аударманы тыңдау үшін асығыс құлаққап тағуға мәжбүр болды. Соңғы уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қандай деңгейде?

– Ресейдің Қазақстандағы ықпалы артып келеді. Кремльмен байланысы бар ресейлік компаниялар экономикамыздағы үлесін кеңейтуге тырысуда. Қазақстан Ресейге салынған санкцияларды айналып өту үшін өз юрисдикциясы мен қаржы жүйесін жүйеледі.

Путин үшін Қазақстанның маңызы артты және ол Тоқаевтың ықыласы мен ішінара тәуелділігін пайдалана отырып, оның экономика, әскери және мәдени ынтымақтастық саласындағы бастамаларын табысты ілгерілетуде. Тоқаевтың қазақша сөйлегеніне қатысты осы оқиғада да журналистер, меніңше, болмашы нәрсеге назар аударып, маңызды нәрсені назардан тыс қалдырған сияқты.

Қазақ тіліне қатысты бұл оқиға ақпарат кеңістігінде Ресеймен жасалған келісімді жұмсартуды көздеді. Ал, келіссөздерге сәйкес Қазақстанда   электр станциялары салынып, еліміздің солтүстік облыстарын газдандыру басталады.

– Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты Қазақстан билігінің ұстанымын қалай сипаттай аласыз? Қарапайым азаматтар кімді қолдайды?

– Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес, елдегі көпшілік соғысқа және Ресейдің әрекеттеріне қарсы. Дегенмен, Қазақстан билігінің ұстанымы бөлек.

Тоқаев Путинге санкцияларды айналып өтуге және әскери өнеркәсіп үшін тауарларды алуға көмектесуде. Ол Кремльді өз режимінің сақталуын қамтамасыз ете алатын серіктес ретінде қарастырады. Бұл жерде басқа ештеңе де жоқ.

– 2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар мен  қарашадағы президент сайлауынан кейін Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан қалай өзгерді?

– Саяси жағдай айтарлықтай нашарлады. Режим биліктен айырылу қаупінде болды. 2022 жылдың қаңтарынан кейін тіркелмеген оппозициялық партиялардың барлық дерлік жетекшілері мен танымал белсенділер түрмеге қамалды. Бірқатар заң қатаңдатылып, БАҚ пен блогерлердің  кеңістігі тарылды.

Қазақстанда болып жатқан нәрсе демократияландыру емес, автократизация деп айтар едім.

– Назарбаевтың бүгінгі жағдайы қандай?

– Саяси қамқорлықтан айырылған оның кейбір туыстары мен серіктестері мүлкінен айырылды. Жалпы енді мүлікті қайта бөлу Тоқаевтың бұл бағытта жүйелейтін жұмысымен байланысты.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

Рекомендовать
Последние новости