Тоқаев Газаға қатысты келісімді қолдады

Көркем Алдабергенова 09 окт. 2025 09:16

Мемлекет басшысы Мысырда өткен жанама келіссөздер барысында қол жеткізілген Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.

Мемлекет басшысы Мысыр, Қатар, Түркия елдерінің араағайындық қызметі табысты болғанын, сондай-ақ Таяу Шығыста бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөздерге Президент Дональд Трамп бастаған АҚШ тарапының ерекше үлес қосқанын атап өтті.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Израиль мен ХАМАС Вашингтон ұсынған бейбіт келісімнің алғашқы кезеңіне қол қойды. 

Трамптың мәлімдеуінше, бұл қадам жақын күндері барлық тұтқындарды босатуға және Израиль әскерін алдын ала келісілген шептерге әкетуге жол ашады.

«Бұл - тұрақты және сенімді бейбітшілікке бағытталған алғашқы әрі шешуші қадам. Барлық тараптармен әділ мәміле жасалады», - деп жазды АҚШ президенті.

Бұған дейін Трамп Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттері халықаралық қолдаудың әлсіреуіне әкелгенін айтып, елге деген сенімді қайта орнатуға уәде берген болатын. Сондай-ақ ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуның «соғыс әрекеттерінде шектен шыққанын» атап өтіп, қақтығысты тоқтататын уақыт жеткенін мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости