Токио - 2020: Ақпарат министрі халықты спортшыларды қолдауға шақырды

Dalanews 06 авг. 2021 10:57 699

 Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Токио Олимпиадасында Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшыларды қолдап, жазба қалдырды. 

“Өкінішке орай, бүгінде Токио Олимпиадасындағы кейбір спортшыларымыздың сәтсіздігіне көпшілік жағымсыз пікірлер мен тым әділетсіз сын айтып жатыр.

Оның ішінде бұған дейінгі жарыстарда еліміздің атын төрткүл дүниеге танытып жүрген танымал атлеттеріміз де аты аталуда”, – дейді министр.

Өз сөзінде министр Рыпакова мен Левиттің ойындарын атап өтті.

“2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Василий Левиттің рингтегі өнеріне бүкіл еліміз тамсанды, оған көрсетілген әділетсіздікке бірге жандары ауырды.

Осы жолы Василий жеңілді, бірақ оның осы бес жыл ішінде еліміз үшін дайындалып, кезекті олимпиадалық циклден өтіп, рингке қайта шығуының өзі құрметтеуге тұрарлық шешім деп санаймын.

Ольга Рыпакованың да сәтсіздігі мен оның кәсіби карьерасы аяқталды деген ақпарат көңілге тіпті қаяу түсіреді.

Ольга бүкіл саналы ғұмырын отандық спорт жолына арнап, еліміздің атын талай мәрте дүбірлі додаларда асқақтатқан бірден бір жеңіл атлет. Ол 36 жасында өзінің төртінші Олимпиадасына қатысып, еліміздің намысын кезекті рет қорғауға шешім қабылдады.

Олар үлкен спорттағы карьерасын аяқтағанымен алдағы уақытта өздерінің ізін басар шәкірт тәрбиелеуде үлкен еңбек етеді деп сенемін”, – деп қосты ол.

 Бұған қоса, ол бұл спортшылардың жеткен жетістіктерін ұмытпауға шақырды.


“Сондықтан қандай жағдайда да ұлы спортшыларымыздың жетістіктері мен жеңістерін біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Қиын сәттерде қолдау көрсету арқылы ғана біз оларға сенім ұялатып, келер күндердің жеңістерінен үміт ете аламыз. Біз үшін біздің спортшылардың барлығы да нағыз чемпиондар!” – деді Балаева.

Рекомендовать
Последние новости