Теңіз кенішінде жалақы дауы: 140-тан астам жұмысшы талап қойды

Қаракөз Амантай 22 апр. 2025 11:10 536

21 сәуір күні таңертең Теңіз кенішінде жұмыс істейтін «Кәсіби таңдау» ЖШС қойма қызметкерлері еңбекақыны 50%-ға өсіруді талап етіп шықты. Олардың үндеуін қолдап, көлік бөлімінің қызметкерлері де жалақыны екі есе көтеруді сұрап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақжайыққа сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, «Кәсіби таңдау» ЖШС – ТШО-ның мердігері саналатын Caspian Offshore Construction Realty (COCR) компаниясының қосалқы мердігері. COCR – Теңіз кенішінде тасымал қызметін көрсететін негізгі мердігер ұйымдардың бірі. «Кәсіби таңдау» компаниясы 2021 жылы тіркелген, соңғы рет қайта тіркеуден биыл 15 сәуір күні өткен.

ТШО көлік департаментінің қызметкерлері бұған дейін, 17 сәуір күні, компания басшылығына ресми түрде жазбаша үндеу жолдаған еді. Хат ТШО-ның бас директоры Уильям Лакоби, COCR-дің бас директоры Аджай Майк және «Кәсіби таңдау» басшысы Айнұр Смитке арналған. Қызметкерлердің сөзінше, инфляцияның күрт өсуі, тұтыну бағасының қымбаттауы және күнкөріс деңгейінің көтерілуі қазіргі жалақымен күнелтуге мүмкіндік бермейді. Олар еңбекақының көтерілуі қызметкерлердің жұмыс сапасы мен жауапкершілігін арттыратынын да атап өткен.

Қызметкерлер бүгін өз талаптарын видеоүндеу арқылы да жеткізіп, компания басшылығынан ешқандай репрессивтік әрекет жасамауды сұрады. Қазіргі мәлімет бойынша, бұл үндеуге 140-тан астам адам қол қойған.

Оқиға орнында қазір келіссөздер жүріп жатыр. Тараптар арасында диалог орнату үшін аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков және мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубекеров барды. Қоғамдық тәртіпті полиция бақылауда. Бүгінгі күн талап қоюға байланысты жұмыс күні болып есептелмейді.

ТШО-ның баспасөз қызметі аталған мәселе бойынша ресми түрде: «Теңізшевройл бұл жағдайдан хабардар. Дегенмен ТШО мердігерлері тәуелсіз заңды тұлға болып табылады. Сондықтан туындаған мәселелер бойынша «Кәсіби таңдау» компаниясына тікелей хабарласу қажет. ТШО Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтайды», – деген мәлімдеме жасады.

Әзірге COCR мен «Кәсіби таңдау» компаниялары ресми жауап берген жоқ. Ал еңбек инспекциясының өкілдері кеніште тараптар келіссөз үстінде екенін растады.

Кәсіподақ сарапшыларының айтуынша, мұндай еңбек даулары әдетте не жұмысшылардың ереуілімен, не жаппай жұмыстан шығарумен аяқталады. Талаптардың соңы не болары әзірге белгісіз.


Рекомендовать
Последние новости