"27 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Астанаға ұшып келді. Әуежайдан оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылы қарсы алды. Тек "Коммерсанттың" арнайы тілшісі Андрей Колесников Ресей президентінің бұл мемлекеттік сапары Мәскеуде рубль оңбай құлдырап жатқанда болғанына назар аудартады". Осылай деп басталатын мақаласында ресейлік журналист рубль тағдырына алаңдап, күні кеше президенттер арасында өткен келіссөздер барысында өзін мазалаған сұраққа жауап іздеумен болады. Ең қызығы, ол сол делегациямен бірге Астанада жүр екен, деп жазады Dalanews.kz.
Репортаж әрі эссеге тән ресейлік "Коммерсантъ" басылымының тілшісі Андрей Колесниковтың мақаласын сол күйінде аударып беруді жөн көріп отырмыз.
"...Шағын құрамдағы келіссөздер алдымен шартты түрде, расында азшылықта болды: Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтан басқа, ол арада вице-премьер Александр Новак, Экономикалық даму министрі Максим Решетников, көлік министрі Роман Старовойт, Ресей темір жолдарының басшысы Олег Белозеров жүрді… Олардың барлығы баспалдақпен ары-бері үшінші қабатқа жүгірумен болды (жеделсаты тек президенттердің еншісіне бұйырған секілді), бәрінен бұрын Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков өзін жайлы сезінді, ол келіссөз алдында да, содан кейін де сыртқа шығып темекі шегіп, журналистермен де сөйлесіп үлгерді. Одан журналистер АҚШ президентінің инаугурациясына кім баратынын сұрады.
- Шетелдік делегацияларды шақыру қарастырылмаған, елшілерден басқасы, - деді Юрий Ушаков иығын қиқаң еткізіп сөзін ары қарай былай жалғастырды:
- Ал егер Мәскеуден Америка Құрама Штаттары президентінің инаугурациясына барып жатқандар болса, олар, шын мәнінде, инаугурацияның өзіне емес, оның айналасында өткізілетін түрлі іс-шараларға барады. Бал деген секілді... Ал, былай инаугурацияның өзіне бізден кімде кімнің арнайы баруы екіталай. Пал Палыч Бородин бір рет АҚШ президентінің инаугурациясына барды емес пе (кіші Джордж Буштың), өздеріңіз білетіндей, ол басқа жерден бір-ақ шыққан (кейін Кремль бөлмелеріне жөндеу жұмыстары оқиғасынан соң тергеу изоляторына тоғытылды - А. К.).
Ал ол кезде мына жақта өтіп жатқан шағын құрамдағы, дәлірек айтсақ, жүзбе жүз келіссөздер ұзаққа созылды, көрші бөлмеде Ресей делегациясының мүшелері өз кезегін немесе тіпті тағдыры шешілетіндей тағатсыздана күтумен болды.
Осы ұрымтал сәтті пайдаланып, мен ВТБ басшысы Андрей Костинге сұрақ қоя қойдым:
— Бүгіндері доллар мен рубль арасында болып жатқан құбылыс қаншалықты драмалық жайт (күрт секіріс болды, өйткені осы уақытта 1 АҚШ доллары 100-ден 114 рубльге бір-ақ көтерілді- А. К.)?
— Драмалық дейсіз бе, иә солай ғой, - деді ол күтпеген жерден менімен келісе кетіп. Шынымды айтсам, біз мұндайды күткен жоқпыз. Аздап әлсірейді деп болжанған, жылдың аяғында дейін 1 АҚШ доллары 100 рубльге дейін, әрине, бүгінгідей емес.
- Ал ертең не болады деп болжайсыз, - дедім мен де сұрақты үдете.
— Менің ойымша, әлі де рубльді кері қайтаруға болады. Менің ойымша деймін",— деді нығырлап.
- Бұл арада ықтималдылық жағдайы қандай? Доллардың өсуін жалғастырып жатыр делік?
- Оны сайтанның бір сапалағы біледі. Ал оның қадамын дөп басып, болжау мүмкін емес, - деп ВТБ басшысы қатесіз болжам жасады.
Сайтанның сапалығы деген кім? Кез келген болуы мүмкін ғой. Осындай ойлар басымда жылт етіп үлгергенде Андрей Костин оның тікелей доллардың өзі екенін жеткізді.
— Бірақ доллар 120 рубль болды емес пе, - деді кенеттен Андрей Костин.Әліптің артын бағып, тағы да күте тұрайық, - деді ол.
Шамасы, 140 болғанша шығар.
Ал бұл кезде мына жақта өзге журналистер Көлік және денсаулық сақтау министрін қаумалап, сұрақтың астына алып жатты. "Билет бағасы енді көтеріле ме" деп сұрағанда Старовойт мырза өзін жақсы ұстап, қысқа және анық жауап берді:
- Жоқ, олай болмайды деп үміттенемін.
Яғни, ол баға көтерілмейді деп айтқан жоқ.
Ал Михаил Мурашко бізді жақтырмай тұрғанын жасырмады:
— Бәрін неменеге сұрай бересіздер?.. Ертең барлығы дәрі-дәрмек сатып алуға лап қойсын дейсіңдер ме?!
Осы кезде бірнәрсе айтқысы келіп, тыпыршып тұрған Энергетика министрі Сергей Цивилевті көрдім. Ақыры ол көмейіне келген сөзді айтып тынды: "Сіздер, адам жанының инженерісіздер, өз жауапкершіктеріңізді түсінулеріңіз керек!", – деді бес тиын болып.
Адам жанының инженерлері оны түсінгендей кейіп танытты. Ең бастысы, мұны жай инженерлер түсінсе деңіз...".