"Теңге құнсызданып жатыр". Сарапшылар АҚШ долларына қатысты өз болжамдарымен бөлісті

Кәмшат Тілеухан 07 апр. 2025 13:46 265

Бүгін KASE-де ұлттық валюта құнсызданып, АҚШ доллары күш алуда. Кешегі биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің бекіткен теңгеге шаққандағы 1 АҚШ долларының бағамы 504,34 теңге болса, ал бүгінгі биржадағы баға 517 теңгені маңайлап тұр. Ақша айырбас орындары болса, 1 доллар 520-522 теңгеден саудалануда. Осылайша бір күнде 13 теңге қосып алған АҚШ доллары алда да қымбаттай бермек пе? Көпті алаңдатқан сауалды Dalanews.kz сарапшыларға қойып көрді. 

Мұнай саласының маманы Олжас Байділдинов "қара алтын" бағасы фьючерстерге белгіленетінін, сондықтан бүгін жаңалықтардан көріп отырған баға бір айдан кейінгі тасымалданатын мұнайдың құны екенін нақтылайды. Мысалы, бүгін мұнайдың бір баррелі 60 доллар айналасында десек, бұл 2025 жылдың мамыр айында қолданылатын баға болады.

"Бюджетті есептегенде, әрине бұл арадағы уақыт маңызды. Қазіргі баға, мәселен 1-2 айдан кейін, яғни маусым-шілдеде күшіне енеді. Содан да бізде тамыз айында валюта бағамында қатты өзгерістер болып жататыны. Ал біздің бюджет мұнайдың бір баррелі 75 доллар, ал 1 АҚШ долларының бағамы 470 теңге болады деп есептелген. Осы жағынан алғанда, егер қазіргі бағам – 65 доллар ұзақ уақыт бойына сақталса (3-6 ай аралығында), онда мұнай бағасына сүйене отырып, 1 АҚШ доллары күзге қарай 542,3 теңге болады деп шамалап есептеуге болады", - дейді Олжас Байділдинов.

 

Экономист Расул Рысмамбетов:

"Мұны классикалық тербеліс деп айтсақ та болады. Мәселен, өткен жылы қарашада ұлттық валюта құны төмендеп, қатты құнсызданды, одан соң жаңа жылға қарай аздап нығайды, 2025 жылы ақпанда, керісінше күшейді, енді қайта құнсызданып жатыр. Әлбетте, ақша бағамына қазіргі жағдайда 185-тен астам елге қосымша баж салығын енгізген Трамптың сауда соғысының салқыны  тиіп отыр. Нақтырақ айтқанда, соның кесірінен мұнай арзандауда. Халықаралық сарапшылар экономикалық белсенділік төмендейді дегенді айтып жатыр, ал ондайда мұнайға деген сұраныс төмендейді, сәйкесінше бағасы да түседі. Бұл - заңды жайт. Дегенмен қазіргі көрсеткіш нақты болжам жасауға негіз бола алмайды. Әлі де екі аптаның көрсеткіштеріне көз жүгіртуіміз керек болады. Мәселен, енді ОПЕК+ бағаны тұрақтандыру үшін мұнай өндірушілерге қысым жасай бастауы керек. Одан кейін не болады дегендей...".

 

Қаржыгер-маман Андрей Чеботарев:

"Таңертеңнен бастап тағы да теңгеден береке кетті. Бұлай құлдырауға, әрине АҚШ президентінің жаңадан енгізген тарифтері, соған сәйкес, жаппай нарықтағы құлдыраулар және ең бастысы —  мұнай бағасының төмендеуі түрткі. Қазір барлық нарықтар бойынша дүдамал жайт туындауда, сондықтан АҚШ долларына қатысты ұзақмерзімді болжам жасау қиындау".

Бұған дейін сайтымызда "Қор биржаларында құлдырау бүгін де жалғасуда. Мұнай бағасы қаншаға төмендейді - Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы" деген мақала жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости