Қытай тарифтер соғысына жауап ретінде америкалық тауарларға баж енгізген соң әлемдік нарықтар "қызыл аймақтан" бір-ақ шықты. Мұнай арзандап, тіпті ірі корпорация акцияларының өзі жаппай сатылымға шығарылып, әлемдік қор индекстері төмендеп қоя берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жұма күні Қытай америкалық тауарларға шағылыстыру тәсілімен қарсы тарифтер белгілеген соң мұнай бағасы 6,5%-ға төмендеп, сауда соғысын ушықтырып қана қоймай, әлемдік экономикадағы рецессия қаупін арттырды, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ).
"Өткен аптаның қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай 10,9%, ал WTI 10,6% арзандады. Бағаның бұлайша төмендеуіне түрткі негізгі фактор тарифтік шектеулер жаһандық экономиканы әлсіретеді деген инвесторлар үрейі болып табылады. Оған ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайту жөніндегі жоспары қосымша қысым жасауда, ал қысқа мерзімді перспективадағы негізгі тәуекелдердің қатарында Қытайға басқа елдер де қосылып, тарифтер соғысына жауап қату ықтималдылығы да жатады", - дейді қауымдастық сарапшылары.
Биржа индекстері де "күш алып келе жатқан жаһандық сауда соғысы корпоративтік кірістерге соққы болып, экономикалық өсімді тежейді" деген болжамды үрей мен қорқыныш аясында 5,5–6% төмендеді. Қытай бүкіл америкалық импортқа 34% баж салығын енгізетінін жариялаған соң жаппай сатылым қарқынды жүре бастады.
Сонымен қатар, Бейжің АҚШ-пен сауданы шектеуге бағытталған қосымша шараларды да енгізді. Инвесторлар ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің мәлімдемесіне де назар салуда. Ол Америка экономикасы тұрақты, бірақ Ақ үйдің жүзеге асырып жатқан агрессивті сауда саясаты аясында болашаққа қатысты дүдамал жайт туындап отырғанын жасырмады.
Пауэллдің айтуынша, өсімнің баяулап, инфляцияның үдеу қаупі артқан. Бірақ ол ФРЖ "пайыздық саясатты қайта қарастырмас бұрын әліптің артын бағып, айқын жағдайға жеткенше күте алатын жақсы позицияда екенін де жеткізді.
"Дегенмен нарықтарда құлдырау бүгінгі сауда-саттықта да жалғасуда: азиялық қордың негізгі индекстері бір сәтте 4-11% жоғалтты, ал америкалық қор индекстерінің фьючерстері тағы 3-5%-ға төмендеді", - дейді ҚҚҚ.
Сонымен қатар, әлемдік нарықтағы оқиғалар қазақстандық эмитенттердің акцияларына да қысым көрсетті.
Жұма күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша KASE индексі 5 522,8 тармаққа дейін төмендеді (-2,72%). Барлық қазақстандық "көк фишкалар" теріс мәнге ие болды. Қатты құлдырауға ұшыраған Халық банкінің (-8,4%), Kaspi (-2,8%), ЦКБ (-2,5%), Air Astana (-2,2%) және Қазатомөнеркәсіптің (-1,8%) акциялары болды.
Сонымен қатар, ақшасын әр жерден ала қашқан инвесторлар әлі де АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылық танытуда. Мәселен, 10 жылдық қазынашылық облигациялардың эталондық кірістілігі жұмада 4%-ға дейін төмендеді, ал қазіргі уақытта 3,93% белгісінде тұр.
Жұма күні алтын 2,8% құнын жоғалтты. Дегенмен, сарапшылар қымбат металл тәуекелді активтерден келген өтімділік ағыны келтірілген шығындарды әлі қалпына келтіре алады деп санайды.
Айта кетейік, 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп 180-нен астам елге қатысты баж салығын енгізгенін жариялады. Оның ішінде баж салығының көлемі 27%-ды құраған Қазақстан да бар.
Бұған дейін сайтымызда "Алтын қымбаттап, мұнай арзандап жатыр". Трамп пен арабтар шынымен де тізе қосты ма?" деген мақала жарияланған болатын.Сондай-ақ сайтымыздан "АҚШ-тың баж салығы кімге, қалай әсер етеді - сарапшылар пікірі" деген материалды да оқи аласыздар. Маман Трамптың сауда соғысы Ұлттық қордың қай тұсына қауіп төндіретінін де айтқан еді.