Түркістан облысында кейінгі 3 жыл ішінде жергілікті атқарушы органдар 6 мың гектардан аса (құны - 1,8 млрд теңге) 190 жер учаскесін заңсыз бергені анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Түркістан облысының прокуратурасы мәлімдеді.
"Әкімдер жер заңнамасында көзделген конкурс талаптарын айналып өтіп, бау-бақша шаруашылығын жүргізу, жеке қосалқы шаруашылық және қосымша жер табыстау жолымен мемлекет жерлерін заңсыз иеліктен шығарғаны белгілі болды. Оған қоса 400 гектар жердің (150 жер учаскесі) нысаналы мақсаты заңсыз кәсіпкерлікке өзгертілген. Бірде бір жағдайда сәулет және қала құрылысы құжаттамаларының талаптары сақталмаған", - деп жазылған хабарламада.
Осы салаға жауапты мемлекеттік органдарға тиісті хаттамалық тапсырмалар беріліп, заңбұзушылықтарға жол берген шенеуніктердің жауапкершілігін қарау жөнінде ескертілген.