Күнде сарымсақ жесеңіз, ағзада қандай өзгерістер болады?

Ақтоты Жапатова 11 қаз. 2025 00:00

Сарымсақ – тағамға дәм беретін дәмдеуіш ғана емес, ежелден емдік қасиетімен танылған өсімдік. Оның құрамындағы белсенді заттар мен дәрумендер адам ағзасына кешенді түрде әсер етіп, иммунитетті нығайтады және түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарымсақтың адам ағзасына пайдасы

Ас қорыту жүйесін жақсартады

Сарымсақты тұрақты түрде тұтыну ағзаның тағамды жақсы қорытып, пайдалы заттарды сіңіруін жеңілдетеді. Ол ұйқыбезі мен бауырдың жұмысын да жеңілдетеді.

Иммунитетті нығайтады

Сарымсақ құрамында аллицин, диаллилдисульфид және s-аллилцистеин сияқты күкіртті қосылыстар бар. Бұл заттар ағзаны вирус пен бактериядан қорғайды, қабынуға қарсы әсер етеді.

Жүрек пен қан тамырларын қорғайды

Ғылыми зерттеулерге сәйкес, сарымсақ холестерин деңгейін төмендетіп, қанның ұю қаупін азайтады. Ол қан айналымын жақсартып, гипертония мен инфаркттің алдын алуға көмектеседі.

Қант деңгейін төмендетеді

Сарымсақ құрамындағы күкірт қосылыстары инсулиннің бөлінуін күшейтіп, жасушалардың оған сезімталдығын арттырады. Бұл – диабетке бейім адамдар үшін пайдалы қасиет.

Бауырды қорғайды

Зерттеулер сарымсақтың құрамындағы күкіртті заттар этил спиртінен болатын бауыр зақымдарын азайтып, органның сауығуына сеп болатынын көрсеткен.

Асқазан мен ішектің саулығына ықпал етеді

Сарымсақ пребиотик ретінде пайдалы бифидобактериялардың көбеюіне ықпал етіп, зиянды микробтардың өсуін тежейді.

Сүйек саулығын жақсартады

Ғалымдар сарымсақтың әйелдердегі эстроген деңгейін арттырып, сүйек тінінің әлсіреуін баяулататынын анықтаған. Әсіресе менопауза кезеңіндегі әйелдер үшін пайдалы.

Қатерлі ісіктің пайда болу қаупін төмендетеді

Сарымсақтағы күкіртті қосылыстар қатерлі ісік жасушаларының өсуін тежеуі мүмкін. Бұл бағытта зерттеулер жалғасып жатыр.

Энергия мен төзімділікті арттырады

Спортшыларға сарымсақтың пайдасы зор: ол тестостерон деңгейін арттырып, бұлшықет массасының өсуіне көмектеседі және кортизол гормонының әсерін азайтады.

Сарымсақты кімдерге жеуге болмайды?

Кез келген өнімге секілді сарымсаққа да қарсыкөрсетілім бар. Ол асқазан мен ішектің шырышты қабығын тітіркендіреді, сондықтан гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, колит сияқты ауруы бар адамдарға оны жеу ұсынылмайды.

Сондай-ақ, сарымсақты жүктілік және бала емізу кезінде, бүйрек аурулары мен гипотиреоз диагнозы бар жандар да сақтықпен тұтынуы тиіс.

Ол тіс эмаліне де әсер етуі мүмкін, сондықтан сарымсақ жеген соң ауызды таза сумен шайған дұрыс.

Дәрігерлердің айтуынша, күніне 1–2 сарымсақ жеу жеткілікті.

Ескерту: Бұл материал ақпараттық сипатта берілген. Өздігінен емделу қауіпті. Денсаулығыңызға қатысты кез келген өзгерісті немесе жаңа өнімді рационға енгізбес бұрын дәрігермен, диетологпен немесе басқа да медициналық маманмен кеңесіңіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар