Жания Бекмұхамбетова Youth Contender Batumi 2025 турнирінде жеңіске жетті

Көркем Алдабергенова 10 қаз. 2025 17:27

Қостанай облысының жас теннисшісі Жания Бекмұхамбетова әлемдік спорт шыңына нық қадам басып келеді. Жасы бар болғаны 12-де болса да, ол өткен жылдың өзінде халықаралық жарыстарда сегіз рет жеңіске жеткен. Енді Жания жаңа жетістігіне Грузияның Батуми қаласында өткен Youth Contender Batumi 2025 халықаралық жасөспірімдер үстел теннисі турнирінде қол жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

18 қыркүйектен 21 қыркүйекке дейін өткен додаға Әзербайжан, Англия, Франция, Беларусь, Израиль, Қазақстан, Литва, Молдова, Польша, Солтүстік Македония, БАӘ, Болгария, Нидерланд, Үндістан, Түркия және Украина спортшылары қатысты.

Бұл жарыста Жания бірден екі жас санатында - U13 және U15 - сынға түсті.

Қостанай облысының аға жаттықтырушысы Ғайып Данияровтың айтуынша, Жания турнирде ерекше ойын көрсетті.

– Турнир барысында Жания өз деңгейін көрсетті. Финалда Үндістан спортшысы Кавья Гуптамен кездесті. Біз онымен жиі жолығамыз, ол - Азия чемпионы. Түркиядан келген қарсыласы да өте мықты болды. Бұл қыздарды италиялық мамандар дайындайды және оларды әлем чемпионаттарына әзірлейді, – деді бапкер.

Ширек финалда Жания Әзербайжаннан София Трофименконы жеңді. Жартылай финалда Түркия спортшысы Белинай Давусты 3:1 есебімен ұтты. Финалда Үндістанның Кавья Гуптасына қарсы шығып, тағы да 3:1 есебімен жеңіске жетіп, алтын медаль иегері атанды.

Айта кетейік, Жания үстел теннисімен айналыса бастағанына небәрі 5 жыл болған. Ал 11 жасында ол Хорватияда өткен WTT Youth Contender турнирінде өз жас санатында сенсациялық жеңіске жеткен еді.

– Өткен жылы ол U11 санатында әлемдік рейтингте барлық спортшылар арасында екінші орын иеленді. Енді мақсат – жасөспірімдер олимпиадасына қатысу, одан кейін ересектер құрамасына ену. Бұл бағытта тағы 1–2 жыл жұмыс істеу қажет, – деді Ғайып Данияров.

№2 БЖСМ-нің жеке жаттықтырушысы Юлия Даниярова жас спортшының күн сайын 3 сағат жаттығатынын, соған қарамастан мектепте жақсы оқитынын айтты.

Қазіргі таңда Жания Бекмұхамбетова әлемдік рейтингте U13 санатында 12-орынды сенімді түрде ұстап тұр.

Айта кету керек, Allur компаниясы үстел теннисі жарыстарының тұрақты серіктесі болып табылады және Қостанай облысында бұл спорт түрінің дамуына белсенді үлес қосып келеді. Сонымен қатар, компания қазақстандық теннисшілерге халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріп, дайындық үшін қажетті қолдау көрсетуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар