Тәтті түбірді өңдеуге кірісетін күн де алыс емес

Dalanews 22 сент. 2017 14:18 918

Биылғы маусымда Көксу қант зауытына автокеруенмен алғашқы тәтті түбір әкелінді. Бірінші болып Қапшағай қаласының қызылшашылары 50 тоннадан астам қант қызылшасын жеткізді. Шаруалар мен өңдеушілерді бұл қуанышты сәтпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов құттықтады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.



С. Бекішов өз сөзінде Мемлекет басшысының қант қызылшасын қайта өркендету туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста атқарылған тындырымды істің нәтижесінде соңғы үш жылда қант қызылшасының алқабы едәуір ұлғайтылғанын атап өтті. Өткен жылы Алматы облысының қызылшашылары 6,4 мың гектарға тәтті түбір өсірсе, биылғы жылы бұл дақыл алқабының көлемі 9 мың гектарға жетіп отыр. Ақсу қант зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, кәсіпорын жуық арада шикізат қабылдауды бастамақ. Сонымен қатар өңір қызылшашыларына тұқым, тыңайтқыштар, жанар-жағар май, жаңа техника алуға, өнім жинауға көрсетілетін жәрдем жалғасуда.



Қапшағайдан жеткен автокеруенге келетін болсақ, ол «Есен-Аман» шаруа қожалығынан әкелінген. Қожалық биылғы жылы қызылша өсірумен алғаш рет айналысып, 20 гектар жерге дақыл сепкен. Мамандар қапшағайлық тәтті түбірдің қанттылығын жоғары – 19 % деп бағалап отыр. «Бұл өте жақсы көрсеткіш», - дейді олар.

Аталмыш қожалық іскерлік қатынас орнатқан «Агро Қант» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС көлік тасымалы жағынан жәрдемдескен. Оның басшысы Гүлжәмилә Бекиеваның айтуынша, қапшағайлық қызылшашылар биыл мол өнім жинауды межелеп отыр. Биыл Қапшағай қаласында 570 гектарға қант қызылшасы себілген. Гектарына 350-400 центнерден өнім жинау жоспарланғанымен, бүгінгі күні шаурашылықтар гектарына 600 центнерге дейін өнім алуда.  Көксу қант зауытына өңдеуге «Есен-Аман» шаруа қожалығы жалпы көлемі 20 мың тонна болатын тәтті түбір өткізуді көздеп отыр. Қапшағайлықтардың қант қызылшасын өткізу эстафетасын енді Ескелді мен Көксу ауданы жалғастырмақ.

Рекомендовать
Последние новости