Тәжібек Мұсаев: "Ауылшаруашылығы кооперативтері қарқынды дамуға бастады"

Dalanews 22 сент. 2017 14:07 964

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы аудандарды аралап, ауылшаруашылығы саласының қалай дамып жатқанын өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев мырзамен кездесіп, киелі қалада ауылшаруашылығы саласының даму барысы, оның ішінде ауылшаруашылығы жерлерін суландыру, ауылшаруашылығы кооперативтерін құру мәселесі жайында кеңінен әңгіме қозғаудың сәті түсті.  

 

Суқоймасы – бір оқпен екі қоян ату

 

– Тәжібек Қалманұлы, Түркістан қаласының айналасындағы бірқатар елдімекендер ауылшаруашылық саласын жан-жақты дамытып жатқанын білеміз. Айтыңызшы, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді толықтай игеріп жатырсыздар ма?

– Қала маңындағы ауылдардағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер толық игерілген жоқ. Бұған су тапшылығы басты кедергі болып тұр. Егер егіншілікпен айналысатын су көлемі жеткілікті болса, біздің дихандар барлық жерді игерер еді. Жалпы күн райы ыстық Оңтүстік өңірде су ресурстарының жетіспеуі өткір мәселе екенін өзіңіз де білесіз. Осы мәселеге баса көңіл бөлген облыс басшысы Жансейіт Түймебаев су тапшылығы салдарынан игерілмей жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді арттыру мақсатында өңірде суқоймаларының санын арттырып, өзекті мәселені шешуді қолға алған-ды. Қазіргі таңда аудандарда бұл мәселе қолға алынып, жаңа суқоймаларын салуға ыңғайлы жерлер анықталып, гидроқұрылымдық нысандарды салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Біздің Түркістан аумағында шаруалар жыл сайын 43700 гектар жерді игеріп келеді. Егер суқоймалары салынып, пайдалануға берілген жағдайда суармалы жерлердің ауқымы күрт артатынына сенімдімін.

– Түркістан аумағында қанша суқоймасын салуды жоспарлап отырсыздар?

– Бізге қарасты елдімекендер аумағынан ағып өтетін Қарашық өзенінің төменгі сағасынан жалпы сыйымдылығы 1,7 млн текшеметр су жинайтын суқоймасының құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осы суқоймасы іске қосылған сәтте 300-350 гектар суармалы жер шаруалардың пайдалануына беріледі.

Су тасқынының алдын алу мақсатында Қарашық өзенінің жоғарғы жағынан 4-5 млн текше метр су жинайтын суқоймасын салу үшін қажетті құжаттарды дайындап, барлық жоспар-сызбаларды облыстық құрылыс басқармасына ұсынып қойдық. Егер осы суқоймасы салынатын болса, шаруалар тағы да 500 гектар суармалы жерді пайдаланып, ауылшаруашылығы саласын өркендету мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, күні бүгінге дейін  пайдаланып келген суармалы жерлердің тиімділігін арттыруға барынша септесетін болады. Сол сияқты Бабақорған ауылы маңында Қарасу, Ақсай суқоймаларын салуды жоспарлап отырмыз. Бұл суқоймаларында 3-7 млн текшеметр су жинап, суармалы жерлердің көлемін 700-800 гектар жерге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Жаңақорған ауылындағы қайнар көзін таудан алатын Дихансу өзенінің бойында сыйымдылығы 7.5 млн текшеметр суқоймасын салып, суармалы жердің көлемін 1200 гектарға дейін арттыруды ойлаған едік. Облыс көлемінде қолға алынған шаралар ой-жоспарымызды іске асыруға мүмкіндік туғызып отыр.  Алдағы уақытта суқоймасының қажетті жоба-сметалық құжаттарын дайындап, облыстық құрылыс басқармасына жыл аяғына дейін өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы аталған шағын суқоймаларын салып, қала маңайындағы суармалы жерлердің көлемін 2500-3000 гектарға дейін арттырмақшымыз. Аталған суқоймалары салынған жағдайда біздер көктемдегі су тасқынының алдын алып, шаруаларды қажетті су қорымен қамтамасыз етіп, бір оқпен екі қоян ататын боламыз.

– Осы суқоймалары салынғаннан кейін Түркістан аумағындағы суармалы жерлердің мәселелері түпкілікті шешіле ме?

– Жоқ. Мен сөз еткен суқоймалары бірқатар ауылдардың мәселесін ғана шешеді. Ал Түркістан маңындағы елдімекендерді су көздерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін көптен бері ойлап жүрген үлкен жобамыз бар. Бұл үшін ұзындығы 41 шақырым болатын "Түркістан-Сырдария" каналын салу мәселесін жоғары жаққа ұсынып келеміз. Егер заман талабына сай "Түркістан-Сырдария" каналы салынатын болса, Түркістан аумағындағы елдімекендергі суармалы жерлердің мәселесі түпкілікті шешілетін болады. Бұл ауқымды жоба болғандықтан оған қомақты қаржы қажет.

Тәжібек Қалманұлы, өзіңіз айтқан осы суқоймаларын салуға қажетті қаражаттар облыстан ба, әлде республикалық бюджеттен бөліне ме?

– Республикалық бюджетке тек Иқан ауылындағы суқоймасы еніп отыр. Ал қалған суқоймаларының бәрі облыстық бюджет есебінен салынуы тиіс. Өткен жылы су тасқынынан кейін облыс аумағында суқоймаларын салу мәселесі қолдау тапқан болатын. Жалғыз біз ғана емес облысымыздағы барлық аудандар өз аумақтарында суқоймасын салуға қолайлы аймақтарды анықтап, жоба-сметалық құжаттарын дайындап, облыстық құрылыс басқармасына ұсынып жатқан жайы бар. Осы бір маңызды бастама таяу жылда Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, ауыл еңбеккерлерінің жұмысын жандандыра түсетініне сенімдімін.

 

"Арыс-Түркістан" каналы Түркістанды көркейтуде

 

– Қазіргі таңда құдық қазып, шаруашылығын көркейтуге бет бұрған шаруаларға Үкімет субсидия беріп, қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Түркістандық шаруалар осы бір мемлекеттің қолдауын пайдаланып жатыр ма?

– Тік дренажды құдықтарды пайдаланып, егін-жайларын суғарып отырған "Тұран" сынды бірқатар шаруа қожалықтар тиісті құжаттарын жинап, мемлекеттің субсидиясына алып келеді. Құдықтан су шығарғанда негізінен қаржы электр қуатына жұмсалады. Тиісті құжатын жинап өткізген шаруалар су шығару үшін электр қуатына жұмсаған қаржысының 80 пайызын мемлекеттік көмек қаржысы есебінен жауып отыр.

– Түркістан аумағындағы суармалы жерлерге қажетті су көзін "Арыс-Түркістан" каналы беріп келеді. Жалпы осы әйгілі каналдың қуатын арттыру ойда бар ма?

– Дұрыс айтасыз, біздер пайдасын көріп отырған суармалы жерлердің 33 мың гектары осы "Арыс-Түркістан" каналы арқылы тіршілік нәрін алады. Әңгіме басында айтқан суқоймалары негізінен тау етегінде орналасқан елдімекендерде салынады. Ал етектегі негізгі ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер "Арыс-Түркістан" каналынан қажетті суларын алуда. Бүгінде "Арыс-Түркістан" каналының ең төменгі сағасындағы Шорнақ сынды бір-екі елдімекенге су жетпей қалып жатады. Осы жайтты ескерген облыс басшысы "Арыс-Түркістан" каналын қажетті сумен қамтамасыз етіп отырған Бәйдібек ауданындағы "Бөген" суқоймасын кеңейту мәселесін жан-жақты қарастырып жатыр. Егер осы мәселе таяу болашақта шешілетін болса, біздің шаруалар еңбегінің зейнетін көріп, табысқа кенелетін болады.

Бүгінде біраз шаруаларымыз мақта егеді. Негізінен мақтаны жылына үш мәрте суғару қажет. Өкінішке орай, біздің судың жетіспеушілігінен мақталарын жылына екі-ақ рет суғарады. Бұдан кейін мақтаның өнімділігі төмендейтіні айтпаса да түсінікті. Егер алдағы уақытта "Арыс-Түркістан" каналының су жеткізу мүмкіндігі артатын болса, біздің шаруаларға айрықша көмек-қолдау болар еді.

 

48 кооператив құрылды

 

– Мақта жайында айтып қалдыңыз ғой. Мақта – түркістандық шаруалардың негізгі шаруашылығы ма?  

– Солай десе де болады. Бірақ мақтаның бағасы егістік көлеміне айрықша әсер етеді. Айталық, осыдан біршама жыл бұрын мақтаның бағасы төмендеп, ауданымыздағы мақталықтың көлемі 3 мың гектарға дейін түсіп кеткен еді. Ал соңғы жылдары мақта бағасының тұрақты өсімі сақталғандықтан биыл мақталықтардың көлемі 10500 гектарға дейін ұлғайды. Бұдан басқа біздің шаруалар көкөніс пен бақша дақылдарын тұрақты түрде өсіріп, қаламызды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. 13 мың гектар жерге мал азығы дақылдары егілген.

–  Тәжібек Қалманұлы, Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылығы кооперативтері көптен құрылуда. Шаруашылықтарды ірілендіру бағытындағы жұмыстар Түркістанда қалай жүріп жатыр?

– Бүгінде ауылшаруашылығы кооперативтерін құру маңызды жұмыстардың бірі болып тұр. Түркістан қаласы бойынша 900-ден астам шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, 48 кооператив құрдық. Олар түрлі бағытта жұмыс істеп, мемлекеттің ауылшаруашылығы саласын қолдау бағытындағы қолдауға ие болуда.

Мәселен, бізде сүт қабылдау бекеттерін құру ісі шаруалардың қызығушылығын тудырып отырғанын атап айтуға болады. Кооперативке бірігіп, сүт қабылдау бекетін құрған шаруалар  ірі көлемде сүт қабылдайтын жабдықтар алу мүмкіндігіне ие болуда. Ауылшаруашылығын қолдау қоры кооперативке біріккен шаруаларға қажетті сүт қабылдайтын қондырғыны алған жағдайда оның құнының 50 пайызын субсидиялап отыр. Ал мұндай заман талабына сай жасалған жабдықтың құны 22 млн теңге тұрады. Кооператив мүшелері осы жабдықты сатып алса, ауылшаруашылығын қолдау қоры оның 50 пайызын төлеп береді. Бұл өз кезегінде шаруаларға үлкен көмек болуда. Қазіргі таңда Түркістан бойынша әр ауылда сүт қабылдайтын бекеттер ашылып, қызу жұмыстар жүріп жатыр.  Егер шаруалар сүттерін кооператив арқылы өткізген жағдайда бір литр сүтке 10 теңгеден көмекқаржы ала алады. Үкіметтің осындай шаруаларды ынталандыру бағытындағы жұмыстары өз нәтижесін беруде.

Сол сияқты 5 млн теңгеге мал сою алаңдарына қажетті жабдықтарын сатып алса, шаруалар мемлекеттің көмекқаржысына ие бола алады. Бұдан басқа мал шаруашылығы бағытында құрылған кооперативтер арқылы малын етке өткізген шаруалар әр бұқашыққа 20 мың теңгеден қолдау қаржы алып отыр. Осылайша аз ғана уақыттың ішінде ауылшаруашылығы кооперативтерін құру ісі өзінің тиімділігін көрсетіп үлгерді.

 Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Рекомендовать
Последние новости