«Тарлан» талай талантты спортқа баулуда

Dalanews 23 мая 2019 11:05 823

Еліміз үшін мемлекеттік – жекеменшік әріптестік сөзі таңсық емес. Дүниежүзілік тәжірибеде ел тұрғындарының ресурсын үнемдеу үшін жекеменшік тараптардан осылай инвестиция тарту ісі кең таралған әдіс. Ол бір жағынан мемлекеттің жауапкершілігін сәл жеңілдетсе, екінші бір жағынан жаңа инвестиция көзі ретінде жеке адамның табысын еселей түспек. Түптеп келгенде, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар түгенделіп, өңірлердегі кәсіпкерліктің тынысы біршама ашылады. Оған қоса, бұның оңтайлы әдіс екенін байқап, халыққа керекті нысандарды ашуға ниетті кәсіп иелерінің де үлесі арта түсері анық.

Қазіргі кезде осынау бағдарлама аясында еліміздің, оның ішінде Әулиеата өңірінің түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Бұған соңғы жылдары облысымыздағы қарқынды түрде дамып келе жатқан аудандардан бірқатар мысалдар келтіруге болады. Соның айғағы – Шу ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген спорт саласындағы нысан. Ауданда бұл бағытта жүзеге аса бас­таған жобалардың аясы мен арнасы арта түскен. Мемлекеттік мүлікті сенімді түрде бас­­қаруға берілген нысандардың қатарында 2016 жылдың қазан айында Шу ауданында бой көтерген – «Тарлан» спорт кешені бар. Айта кету керек,бұл облыстағы мемлекеттік-жекменшік әріптестік аясында салынған алғашқы спорт кешені. Аталмыш нысанның тұрғызылуына тікелей ұйытқы болған осы ауданның тумасы, Кеңес Одағына еңбегі сіңген жаттықтырушы Юрий Цхай. Жобалық құны 480 миллион теңгені құраған нысанның құрылысы 2015 жылы басталып, араға бір жыл салып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді.Ғимарат спорттық-сауықтыру блогы жəне жатақханадан тұрады. Сонымен қатар, мұнда жаттығу бөлмесімен бірге 1 бокс, 2 ауыр атлетика және 1 күрес залдары қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, кешеннің жатақханасында 25 адамға арналған жатын бөлме мен жекеасханасы және моншасы бар. Оған қоса, кешеннің ауласынан жасанды жамылғылы футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдар да орын алған. Ғимаратта əкімшілік, медициналық пункт, əдістемелік, киім ауыстыру жəне жуыну бөлмелері де қарастырылған.

Бүгінде мұнда 20-дан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Олар спорттың дзюдо, таеквондо, бокс және күрес түрлері бойынша аудандағы 300-ден аса жасөспірімді спортқа баулуда. Одан бөлек, мұнда кешкі уақыттарда аудан тұрғындары ақылы түрде спортпен шұғылдана алады. 2016 жылы Қазақстан бокс федерациясы сенімдік басқару бойынша «Тарлан» спорт  кешенін Жамбыл облысының бокс клубына өткізген болатын. Ал 2017 жылдың ақпан айында нысанды Қазақстан бокс федерациясынан «Тарлан батырлары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, «Тарлан» спорт кешені серіктестік меншігіне толықтай берілген. Міне, содан бергі уақыт ішінде мұнда бірнешеаудандық, облыстық, республикалық жарыстар ұйымдастырылып, ауылды жердегі жасөспірімдердің спортқа деген құлшыныстарын еселей түсуге зор үлес қосуда.

Рекомендовать
Последние новости