Танымал заңгер Шерзаттың ағасының өліміне қатысты өз болжамын айтты

Көркем Алдабергенова 09 дек. 2024 16:00 6211

Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Талғардағы трагедия кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасының өліміне байланысты пікір білдірді. Ол бұл оқиға бір отбасының трагедиясы емес, бүкіл қоғамның қабырғасын қайыстырып кеткенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Айгүл Орынбектің сөзінше, қылмыстық оқиға болғаннан кейін, отбасы мүшелеріне ауыр психологиялық жүктеме түседі.

"Әсіресе, мұндай жағдайларда психологтардың көмегі өте маңызды. Өкінішке орай, біздің қоғамда адам өлімі орын алған жерлерде психологтардың жүйелі түрде жұмыс істемеуі күрделі мәселе болып қала береді. Жас баланың қайтыс болуы отбасының ішкі қарым-қатынасында ауыртпашылық туғызды. Мұндай жағдайда, “егер сол түні бұлай істемегенде”, “мен кінәлімін” сияқты өзара айыптаулар мен ішкі күйзелістер сөзсіз пайда болады. Осылайша, отбасы мүшелері бір-бірін немесе өздерін кінәлап, жағдайды одан әрі ауырлатуы мүмкін", - дейді заңгер редакция тілшісіне берген жауабында.

Заңгер бұл оқиғада, атап айтқанда, мылтықтың ағасының қолында болғаны туралы мәліметтер бар екенін атап өтті.

"Егер ол оқиға орнына қаруды алып келген болса, оның өзін-өзі кінәлі сезінуі мүмкін. Ішкі кінәлау сезімі оны осындай қадамға итермелеуі ықтимал. Алайда, бұл жағдай тек тергеу барысында толық анықталуы керек.

Дәл қәзір тергеу кезінде қысым жасалған-жасалмағаны туралы сұрақ қоғамда алаңдаушылық тудырады. Егер мұндай жайт орын алған болса, бақылаушы органдар, атап айтқанда прокуратура, бұл жағдайға тиісті құқықтық баға беруі тиіс. Бұл оқиғаның қоғам бақылауында екенін ұмытпаған жөн. Ашықтық пен әділдік принциптері қатаң сақталуы керек", - дейді Айгүл Орынбек.

Заңгер мұндай ауыр жағдайларда отбасына тек адвокаттың емес, психологтардың да көмегі қажет екенін атап өтті.

"Қайғыға душар болған адамдарға кәсіби психологиялық қолдау көрсету олардың ауыр жағдайдан шығуына және қателіктер мен қайталанатын трагедиялардың алдын алуға ықпал етеді. Біз бұл оқиғаны тек қайғы ретінде емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді көрсететін жағдай деп қабылдауымыз керек. Отбасыға көмек көрсетіп, тергеудің әділдігіне қол жеткізу - тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті", - дейді Айгүл Орынбек.

Еске салайық, бүгін Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.

Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова жасөспірімнің ағасының өлі табылуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын. 

Саида Тәуекелова марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев көз жұмғанын растады. "Чемодан госсекретов" телеграм-арнасында “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өз-өзіне қол салған” деген ақпарат тараған.

"Марқұмның тергеу барысында берген жауаптарынан оның қатты қобалжығанын, інісінің өліміне өзін кінәлі деп санағанын байқауға болады. Суицид жасауының да себебі сол болуы мүмкін", делінген телеграмдағы жазбада. 

Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны жоққа шығарған еді. 

Ал бұған дейін Шерзат Болат тарапының қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын айтқан еді. 

“Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз”, - деген еді адвокат.


Рекомендовать
Последние новости