«Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы аясында 2025 жылы Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) жинау бойынша инфрақұрылым толығымен жаңарады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев қалалық мәслихаттың 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті қабылданған сессиясы барысында айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚТҚ инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды жобасы экологиялық жағдайды жақсартуға, қала тұрғындарының жайлылығын арттыруға және санитарлық тазалаудың заманауи стандарттарына сәйкес келуге бағытталған. Модернизацияның негізгі кезеңдерінің бірі-жағымсыз иістердің пайда болуына және құстардың немесе қаңғыбас жануарлардың қол жетімділігіне жол бермейтін тереңдетілген контейнерлердің санын көбейту (көлемі 3 м3).
Бүгінгі таңда Алматыда 1 454 контейнер алаңында орналасқан 8 мыңнан астам контейнер қолданыста. 2023 жылы 42 алаңда 214 контейнер орнатылды, ағымдағы жылы мұндай контейнерлер саны 786 бірлікке өсті. 2025 жылы 581 алаңға тағы 1 683 контейнер орнатылады.
Тағы бір кезең - пластикалық еуроконтейнерлерді сатып алу: 2024 жылы көлемі 1,1 м3 болатын 1 800 контейнер сатып алынды, 2025 жылы тағы 1 000 контейнер сатып алу жоспарлануда.
– Қалада 2012 жылы құрылған ҚТҚ жинау инфрақұрылымының әбден тозуы және "моральдық" ескіруі байқалады. Сондықтан, 2023 жылдан бастап оныбарынша жаңғырту жүргізілуде. Қазірдің өзінде 1 мың тереңдетілген контейнер мен 1,8 мың еуроконтейнер жаңартылды. 2025 жылы тағы 2,7 мың жаңа контейнер орнату арқылы қала бойынша барлық контейнерлік алаңдарды толық жаңғырту аяқталады, – деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, қоқыс таситын көліктердің күнделікті желіге шығуы 2023 жылғы 70%-дан 2024 жылы 85%-ға дейін өсті, 2025 жылы 95%-ға дейін жеткізіледі.
Осылайша, 2025 жылы жаңартылған контейнерлік алаңдардың үлесі 100% - ға жетеді. Бұл шаралар қалдықтарды жинау тиімділігін арттырып қана қоймай, қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу қағидаттарын одан әрі енгізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.