Ақтауда ер адам облыстық әкімдік алдында өзін жағып жіберген. Әкімдік өкілдері мән-жайды түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
БАҚ-та бұған дейін ер адам Ақтаудағы облыстық әкімдік алдына келіп, шенеуніктермен сөйлесіп, кейін өзін өртеп жібергені туралы ақпарат тарады. Бұл жағдай видеоға түсіп қалған. Кадрларда ер адам ғимараттың сыртында, көшеде өзін өртеп жібергені көрінеді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 5 желтоқсанда ер адам мемлекеттік мекемеге келіп, әкіммен кездесуді талап еткен.
"Әкімдік қызметкерлері оған облыс әкімінің жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау кестесімен келуін сұрап, бүгін қабылдамайтынын түсіндірді. Өңір тұрғынын Қарақия ауданы әкімінің орынбасары қабылдады. Қанағаттанбаған азамат Е. өзіне жанғыш қоспа шашып, өртеп жіберді. Полиция және әкімдік қызметкерлерінің күшімен өрт жедел сөндірілді, жедел жәрдем шақырылды, ол келгенге дейін зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі өкілі.
Дәрігерлердің сөзінше, науқастың жағдайы ауыр.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті "Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
"Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды ведомство өкілдері.