Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Айдос Рысбаев көліктегі полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ІІМ мәлімдеді.
“Президент әкімшілігімен және ішкі істер министрінің бұйрығымен келісім бойынша көліктегі полиция департаментінің бастығы болып полиция генерал-майоры Айдос Рысбаев тағайындалды”, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Талғардағы трагедиядан кейін Мемлекет басшысының өкімімен Айдос Рысбаев ішкі істер министрінің орынбасары лауазымынан босатылған еді.
Еске салайық, 4 қазанда Талғарда бір топ бұзақының қолынан 16 жастағы Шерзат Болат қайтыс болды. Қайғылы оқиғадан кейін Алматы облысында бірқатар жоғары лауазымды полицей қызметінен кетті.
Оның қатарында Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры да бар.
Сонымен қатар Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы, Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті.
Ал полиция қызметі басқармасының бастығы лауазымына Абдунур Тасыбаев және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығына Байжан Сатылғанов тағайындалды. Мейрам Әбікеев Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы болды.