Танымал болғысы, карьера жасағысы келсе, тілді үйренсін

Dalanews 04 мая 2019 13:04 916

Бұрынғы күні ресми телеарнадан бір жоғары лауазымды шенеуніктің шіреніп тұрып, созбалаң сөз сөйлегенін көрдім.

Әрине, оның көсілгісі келген клерктің қызметіне мен баға беруден аулақпын. Шынымен де қабілетті ұйымдастырушы әрі өзі айтып өткендей адал да ел алдында абыройлы азамат шығар.

Көзбен көрмегесін, қолынан тап басып ұстамаған соң шенеуніктің бәрін бірдей парақор деп айта алмаймыз ғой.

Бірақ әшейінде сабырлық сақтайтын мені ашуландырып, зығырданымды қай-натқан жәйт – басқа жәйт.
Манағы басшысымақ жарты сағат бойына қазақ тілінде сөйлеуге тырысып, тіпті мазаны кетірді.

Біріншіден, кібіртіктеп әрі ежіктеп екі ауыз сөздің басын қоса алмай шаршады, терлеп-тепшіді-ау, бәтшағар. 
Екіншіден, өзі ғана қиналып қоймай, сөздің қадірін білетін тұтас жұртты қинады-ау! Өз басым рабайда тағы да не бүлдіріп қояр екен деп қипалақтаумен болдым, Жаным оған емес, тілімізге ашыды ғой! Нәтижесінде оның не айтып, не қойғанын ешкім де ұға алмады (өзі де аса ұға қойған жоқ-ау осы).
Осыдан кім не ұтты?

Қаншама күш салып, теледидарға шыққан шалатілді шенеунік не ұтты? Кешқұрым көгілдір экран алдында қазақ тілінде әлеуметтік маңызы бар хабар көрмек болған қадірменді көрермен не ұтты?


 Өзінің бір өкілін дүйім жұрттың алдына шығарып, халық алдында есеп бергізгісі келген өз тіліне өгей Үкімет не утты?

Нәтиже біреу – ешкім де ұтқан жоқ!

Тілге талапсыз телегерой да, жақсылыққа жаны жақын жұрт та, бәрін белден басқан билік те!
Керісінше, тікелей эфирде тәрк етілген тіліміз ұтылды сол күні!

Талаптыға нұр жауар дейді қазақ. Мүмкін, шенеуніктің өз тілімде сөйлеймін деген ниетіне қолдау көрсету де керек шығар. Бірақ қазақта тағы да бір сөз бар «Артық қылам деп тьіртық қылды» дейді.

Ағылшын немесе орыс тілінде міңгірлеп тұрған адамды ұлттық телеарнаға жарты сағаттық хабарға шығарар ма еді?


 Осыншама алтындай уақытты айтпағанда, бір секундқа да маңайына жолатпас еді!
Ал бізде болса оны экранға жіберген телеарна басшылығы да тыныш, күнде қайталанып жатқан осындай масқараға көзжұмбайлықпен қарап отырған қаптаған тіл патриоттары да тыныш!

Меніңше, ана тіліміздің абыройын айрандай төгетін осындай ойрандарға жол бермеу үшін бір нәрсені жедел қолға алу керек.


Яғни, өз ағайынымыздың ішінен шыққан тілге шорқақ шенеунікке не басқа да талапкерге – қазақ тілін жетік меңгермесе телеэкранға шығуға тыйым салу қажет!

 Танымал болғысы келсе, карьера жасағысы келсе, тілді үйренсін!

Осы орайда өзімнің бір танысым туралы айтсам. Беделді батыс мемлекетінің Қазақстандағы елшілігінде жұмыс істеген бір дипломат бір-екі жылдың ішінде қазақ тілін әп-әдемі-ақ игеріп алған болатын.
Прецедент деген ұғым бар, ағайын!

Әміржан ҚОСАНОВ, 


саясаткер 


Рекомендовать
Последние новости