Сайлау – ақша шашатын пайдасыз іс емес

Dalanews 04 мая 2019 04:08 1338

Бүгінде әлеуметтік желі арқылы әркім ойындағысын көпшілікке жеткізетін мүмкіндікке ие болды. Жұрт үйде отырып күңкілдемейді, қазір. Әлеуметтік желі осылайша, қазақ қоғамында азаматтың белсенділігін біртіндеп қалыптастырып келеді. Бұл үшін әлеуметтік желіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жақында бір блогердің «Президент сайлауын өткізуге жұмсалатын қыруар қаржыға көпбалалы отбасыларға үй алып берейік. Сайлау бәрібір де биліктің қалауымен өтеді. Қаржы босқа кетеді» деп, елді утопияға бастайтын ет пен терінің арасынан шыққан эмоцияға толы ойын жариялады.

 

Кертартпа ой

Иә, көпбалалы отбасыларға көмектесу керек. Бірақ сайлауға жұмсалатын ақшаны басқа мақсатқа жұмсап, үнемдеу тұтас елді құрдымға бастайтын жол екенін жадымыздан шығармайық.

Дәл қазір қарапайым халықтың билікке деген сенімі аз екенін де білеміз. Тіптен, сайлаудың көпшілік ойлағандай әділ өтетініне де күдікпен қарауға болады.

Бірақ ешқашан сайлауға бағытталған қаржыны әлеуметтік мәселелерге жұмсап, мәселені шешу тығырықтан шығудың жолы емес екенін бәріміз түсінгеніміз абзал.

Сайлау қалай өтсе де ол халық пен биліктің арасын жақындататын, екі тарапқа ой салатын маңызды саяси шара. Әрбір сайлау арқылы біз мысықтабандап болса да алға жылжитынымызды ұмытпауымыз керек.

 

Украиндер қалай дауыс берді?

Күні кеше ғана Кеңес Одағының шекпенінен шыққан Украинада Президент сайлауының екі кезеңі өтіпі, комик Владимир Зеленский жеңіске жеткеніне куә болдық. Көптеген саяси сарапшылар бұл Украинаның үлкен жетістігі екенін айтты. Бұған ешқандай таласымыз жоқ.

Сол көп ой-пікірлердің арасынан бізге белгілі журналист, саяси сарапшы Виталий Портниковтың айтқан әңгімесі назарымызды аударды. Ол былай дейді:

– Украинаның қарапайым халқы В.Зеленский президенттік сайлауда жеңіске жетсе, елдегі жемқорлыққа тосқауыл қойып, шарықтаған коммуналдық тарифтерді төмендетіп, халықтың жағдайын жасайды» деген әңгімеге сеніп, дауыс берді. Халық елімізде орын алған саяси күрестердің арқасында сайлауға қатысудың маңыздылығын түсінді. Бірақ үміткерлерге қалай дауыс беру мәселесін әлі үйренген жоқ.

Жасыратыны жоқ, көпшілік В.Зеленский коммуналдық қызметтің бағасын төмендетеді деген ертегі әңгімеге сеніп дауыс берді. Бүгінде жұрт Президенттің тарифтерді төмендетуге ешқандай қатысты жоқ екенін түсінбейді. Тіпті, түсінгісі келмейді.

Егер президенттік сайлауда жеңіске жеткен В.Зеленский бұған дейінгі басшылар секілді белден басып, біраз уақытқа дейін тарифтерді төмендетсе, онда оның Виктор Януковичтен қандай айырмашылығы бар?

Сайлаушылар өздері дауыс берген үміткердің түйткілді мәселелерді оң бағытта шешетін базалық бағдарламасы, саяси құрылымдарға сөзін өткізе алатындай мүмкіндігін есепке алып дауыс беруі керек қой. Ал біздер болсақ, болмашы нәрсеге үміттеніп, дауыс бердік.

Егер В.Зеленский тарифтердің бағасын ауыздықтай алмаса, одан теріс айналамыз ба? – деп ойын ашып айтқан еді.

 

Сайлаудың қадірін түсіндік пе?

Иә, украиндықтар сайлауға қатысудың маңызын түсінді. Бірақ олар Батыс елдеріндегідей қалай дауыс беруді әлі меңгерген жоқ.

Ал біз болсақ, сайлауға бөлінген қаржыны әлеуметтік мәселелерге жұмсайық деп, елді орта ғасырға сүйрейтін әңгімені айтуымыз не сасқандық?

Егер ашығын айтсақ, біздер әлі күнге дейін сайлаудың қадір-қасиетін түсінген жоқпыз. Сайлауды (ол қандай сайлау болса да) мемлекеттің ақшасын шашатын халыққа пайдасы жоқ іс-шара деп қабылдайтынымыз жасырын емес.

Бұл ретте биліктің сайлауды әділ өткізбейтіні жайында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Бірақ бұдан не өзгереді? Ештеңе өзгермейді.

Бізге билік қалаған кандидатымыз бен партиямызға дауыс беру мүмкіндігін беріп отыр.

Халық осы мүмкіндікті пайдалануы керек. Сайлауға қатысуға, дауыс беруге, дауысты қорғауға баса мән беретін кез жетті. Сол кезде мерейміз үстем болады.

Кез келген сайлау халықтың саяси белсенділігін арттырып, ертеңгі күнге деген сенімін оятады. Сондықтан өзін Тәуелсіз Қазақстанның азаматы сезінетін әрбір адам сайлауға белсенді түрде қатысуды өзінің азаматтық парызы санауы тиіс.

Қазақстанда Президенттің орнынан кетіп, елде үлкен саяси өзгерістер орын алатыны жайындағы әңгіменің шеті шыққанына бір-екі жылдың жүзі болды.

Міне, сол уақыттан бері билік халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, елдегі электораттық көңіл күйді жақсартуға негіз болатын бірнеше шараларды қабылдағанын білеміз.

 

Билік сайлауға дайындалады, халық ше?..

Соның бірі ретінде өткен жылдың күзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында еліміздегі монополистердің коммуналдық тариф бағаларын негізсіз өсіргенін көтеріп, тиісті орындарды қазанға салып, қуырып алғаны есімізде.

Осы бір оқиғадан кейін жоғары шенділер ескерту алып, аудан деңгейіндегі басшылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде халық та биліктің бұл әрекетін қолдады.

Осылайша, билік елең-алаң күй кешкен халықтың көңілін аулап баққанын ұмыта қойған жоқпыз.

Бұдан басқа Алматыда Көкжайлау мәселесінің тоқтатылуын да электораттық көңіл күйді реттеуге бағытталған шара деп қабылдауға болады.

Демек, біздің билік те сайлау қарсаңында бас-аяғын жинап, саяси науқанға азды-көпті дайындықпен аяқ басатынын байқауға болады.

Мұндай жағдайда халықтың сайлауға атүсті қарауына қақысы жоқ.

Сайлау – негізгі күш халықтың қолында екенін биліктің есіне салып тұратын басты нұсқаулық.

Мұндай жағдайда «сайлаудың ақшасын басқа мәселеге жұмсайық» деген бұра тартушыларға әлеуметтік желіде лайк басып, қолдап пікір жазуымыз ұят.

Нұрлан Жұмахан

Рекомендовать
Последние новости