Марқұм Шерзат Болаттың отбасының қорғаушысы Саида Тәуекелова Талғардағы трагедиядан кейін куәгер ретінде тіркелген екі қызға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, екеуінің әрекетіне қылмыстық-процесуалдық баға берілуі тиіс.
“Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. 30 қазан күні Алматы облысы прокуратурасына тергеу әрекетіне тексеру жүргізу туралы шағым жіберіп, бірнеше сұрақ жолдадық. Сондай-ақ негізгі аргументтерді де қостық. Біз екі қыздың әрекетін ҚР ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша қылмысқа қатысы бар деп санаймыз. Заңға сәйкес, бұл ауыр қылмыс болып есептеледі. Олардың әрекетін аталған қылмыстық іс бойынша қайта қарауды талап етеміз”, - деді заңгер justice_for_sherzat парақшасында өткен тікелей эфирде.
Олардың шағымына прокуратура кері байланыс берген.
“Прокуратурадан 11 қараша күні жауап келді. Ол жерде іс бойынша тергеу жалғасып жатқаны, шағымға байланысты тергеу органына тиісті нұсқау берілгені, жиналған деректер негізінде процесуалдық шешім қабылданатыны айтылған. Бұл жауапқа біздің көңіліміз толмады.Біз тергеу жұмысының әділ жүргізілетініне сенім артамыз. Сондай-ақ талабымыз ескеріліп, қыздар тиісті тергеу статусын алады деп үміттенеміз”, - деп қосты ол.
Айта кетейік, бұған дейін жәбірленуші тараптың қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын жеткізген еді.
Оның сөзінше, қазіргі таңда қылмыстық іс 6 бап бойынша тергеліп жатыр.
“Бүгінде Шерзат Болаттың ісі бойынша көптеген сұрақ келуде. Осы қылмыстың мән-жайы туралы айта кетейін. Қылмыстық іс 6 бап бойынша тергелуде. Өлтіру фактісі, қылмысты жасыру, қылмысты хабарламалау және қорқыту мен бұзақылық бойынша. Сонымен қатар қайғылы оқиға түні Шерзаттың ағасы Нұрқанаттың ұялы телефоны мен әмияны ұрланған. Бұл бойынша біз тергеу органдарына өтініш хат жібердік. Өтініш хат қазіргі таңда қанағаттандырлып, ҚР ҚК 188- бабы (Бөтен мүлікті ұрлау фактісі бойынша) қылмыстық іс қозғалды”, - деді ол.
Сондай-ақ төбелес кезінде күдіктілер Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанатты да өлтірмек болған.
“Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз”, - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.
Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.
Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.
Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.