"Түрме хайуанаттар бағы емес". Сенатор Қожаев Бишімбаевқа қатысты фейк туралы

Сағыныш Сардарова 14 нояб. 2024 11:32 3011

Сенат депутаты, ІІМ басшысының бұрынғы орынбасары Марат Қожаев "Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқанын растайтын неге бірде-бір фото-видео жоқ?" деген сауалға жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Сенат кулуарында журналистер Қожаевтан сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі неге көпшілікке көрсетілмейтінін сұрады.

Қожаевтың сөзінше, Бишімбаевты Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде (ҚАЖК) көрсетпеуіне себеп - экс-министрдің өзін сурет-видеоға түсіргенін қаламауы.

"Мұның бәрі азаматтардың құқығын қорғауға байланысты. Тіпті жазасын өтеп жатқан азаматтың да азаматтық құқығы бар. Егер ол өзін көрсеткісі келмесе, әрине, оны мәжбүрлеу мүмкін емес. Кешіріңіздер, дөрекі түрде айтайын: бұл хайуанаттар бағы емес. Ресми өкілдерге сену керек. Ол Степногорск қаласындағы қауіпсіздігі ең жоғары колонияда отыр", - деп түсіндірді Қожаев.

Айта кетейік, жуырда әлеуметтік желіде Бишімбаев қазақстандық колониялардан табылмағаны туралы ақпарат тарады. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Бишімбаев жазасын Степногорск немесе Аршалыда өтеп жатқанын жазды.

2024 жылы 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.

Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.  

Әйелін өлтіргені үшін қамауға алынған Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін де ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.

Ал 12 қарашада апелляциялық алқа Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы шағыммен оның бұрынғы әйелінің талап арызын қарады.

Сот мәліметінше, экс-министр балаларының тегін өзгертуіне қарсы болмады, алайда оны ата-ана құқығынан айырмады.


Рекомендовать
Последние новости