Талдықорғанның орталық саябағы қайта жаңғырды

Dalanews 13 нояб. 2017 13:57 1177

Талдықорғанда толық жөндеу жасалған орталық саябақ пайдалануға берілді. Бұған дейін саябақтың жартысы жеке кәсіпкердің меншігінде болатын. Кәсіпкер саябақтың өз меншігіндегі бөлігін қайтарымсыз негізде мемлекет меншігіне берді. Жаңарған саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Балалардың ән-биімен басталған саябақтың ашылуын облыс басшысы А. Баталов өз құттықтауымен жалғады:

– Құрметті талдықорғандықтар! Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін саябақтың бір бөлігі  жекеменшіктің қолында болғандықтан, саябаққа толыққанды жөндеу жұмысын жүргізе алмаған едік. Жер учаскесінің иесі, белгілі кәсіпкер, меценат Бағдат Манзоров саябақтың өзіне тиесілі бөлігін көпшіліктің игілігі үшін мемлекетке қайтарып берді. Енді балаларымыз жаңарған саябақта емін-еркін ойнайтын болады. Біз өз тарапымыздан саябақтың жаңғырту жұмыстарына, абаттандыру ісіне қажетті қаражат бөлдік. Саябақтың келбеті түгелдей өзгерді, көрікті де қолайлы демалыс орнына айналды. Балаларға арналып жасалған саябақ әрқашан кішкентай балғындарымызды қуанта берсін! – деді облыс әкімі А. Баталов өз құттықтау сөзінде.

Қонақтарсаябақтың абаттандырылуымен, әткеншектердің жұмысымен танысты. Мұрат Мұтырғановтың цирк мектебінің өнерпаздары түрлі қызықты қойылымдарын ұсынды. Облыс әкімімен бірге ақсақалдар, спортшылар мен балаларсаябақ ішінде жас көшеттер отырғызды. Жалпы осы күні саябақ Польшадан әкелінген 50 түп қайың көшеттерімен толықты. Балалар демалыс бағындағы 40 орындық жүрдек пойызға отырып, түрлі аттракциондарда ойнады.

Жалпы, орталық саябақ толыққанды жөндеуден өтті. Демалыс орнының оңтүстік бөлігінің жаңғыртылуы 2017 жылдың наурызынан қолға алынды. Нысанның жалпы сметалық құны 345,9 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер ретінде  «Достық Астана НС» ЖШС жүргізген. Сыртқы жарықтандырылуы, жаяу жүргінші жолы, гүлзарлар мен газондар жасалып, түрлі ағаштар отырғызылған. Шағын архитектуралық формалар, мүсіндер, орындықтар, балалар әткеншектері, қоршаулар, жәшіктер орнатылды. Су және арық жүйелері жасалды. Сол сияқты негізгі кіре беріс пен автокөліктерге арналған орын жасалды.



 

https://dalanews.kz/32071

Рекомендовать
Последние новости