Талдықорғанда екі бірдей студенттер жатақханасы пайдалануға берілді

Dalanews 09 дек. 2020 07:48 870

Тәуелсіздік күні қарсаңында Талдықорғанда жоғары политехникалық және медициналық колледждердің студенттері үшін 480 орынды жаңа типтегі жатақханалар есігін айқара ашты. Ғимараттардың ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты. Бұл нысандар Елбасының «5 әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында салынды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Елбасының «5 әлеуметтік бастамасын» іске асыру шеңберінде және Президенттің жастардың еркін білім алуына жағдай жасау туралы тапсырмасына орай біз студенттерге арнап жатақханалар салдық. Жуырда ғана І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 280 орынды жатақханасы іске қосылып, маңайының бәрін абаттандырдық. Қаратал ауданында колледж студенттері үшін жатақхана салдық. Бүгін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы екі жатақхананы ашып отырмыз. Заманауи типте салынған бұл екі ғимарат жергілікті бюджеттің қаржысына тұрғызылды. Мұнда ұсақ-түйекке дейін бәрі ескеріліп, тұрмысқа қажетті жиһаз, құрал-жабдықтар - бәрі қарастырылған. Біз жастардың алаңсыз білім алып, ғылыммен еркін айналысуына барлық жағдайды жасадық. Осы сәтті пайдаланып, барлық жұмыстарды мерзімінде, сапалы аяқтағандары үшін мердігер ұйымдарға алғыс айтамын, – деп А. Баталов барлық жиналған қауымды алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен де құттықтады.

Жоғары политехникалық колледж білім беруді цифрландыруда алдыңғы қатарда екенін тілге тиек ете келе А. Баталов алдағы уақытта колледждің маңайы абаттандырылып, заманауи спорттық алаң да салынатынын айтты. Ол үшін алдағы жылға қаржы қарастырылған. Облыс басшысы медициналық колледжді де одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені індетпен күрес кезінде білікті медициналық кадрлар даярлау - өзекті мәселе.

Мұнан кейін өңірдің білім саласын дамытудың келесі жылға арналған жоспарлары туралы айта келе, алдағы жылда үш ауысымды мектептерді жою жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Соның шеңберінде биыл 8 мектеп іске қосылған, 14 мектептің құрылысы келесі жылы да жалғасады. Сонымен бірге 2021 жылы 1500 орынды 6 мектеп салу жоспарланған. Студенттерге арналған жатақханалар, балабақшалар, ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, ФАП-тар салу да тоқтамайды. Осы ретте ФАП-тардың жаңа типте – блокты-модульді конструкцияда салынатынын айта кеткен жөн. Бұл қанатқақты жобаны іске асырудың бірінші кезегіне 1 млрд. теңге бөлінді.

Жаңа екі жатақхана туралы айтсақ, олар ерекше жайлылығымен ерекшеленеді. 2 және 3 адамға арналған жатын бөлмелер бір блокқа біріктірілген. Әр блокта қажетті жиһазбен, ыдыс-аяқпен, құрал-жабдықпен қамтылған шағын ас бөлмесі, сол сияқты душы мен санитарлық торабы бөлек қарастырылған. Сонымен қатар жұмыс және демалыс бөлмелері, асхана, оқшауланған медпункті бар.


Жалпы Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің 200 орынды жатақханасының құрылысына жергілікті бюджеттен 681,5 млн. теңге жұмсалған. Бес қабатты ғимаратта холл-вестибюль, студенттер мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс және жұмыс бөлмелері, тұрмыстық бөлме, барлығы 78 бөлме бар (12 шаршы метрлік 2 орынды бөлме, алаңы 18 шаршы метрлік 3 орынды бөлме). Мердігер ұйым – «СЕМ-Шоғы Құрылыс-Сервис».

Талдықорған жоғары медициналық колледжіне арналған 280 орынды жатақхана құрылысы үшін жергілікті бюджеттен 988,8 млн. теңге бөлінген. 3 адамға арналған 52  бөлме, 2 адамға арналған 58 бөлмесі бар, сол сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған екі бөлме қарастырылған. Жатын бөлмелерден бөлек вестибюль, жұмыс және демалыс бөлмелері, тұрмыстық қажеттілікке арналған бөлме, оқшауланған медпункт, қоғамдық тамақтану және техникалық қызмет орындары бар. Құрылыс жұмыстарының барлығын «Жөндеу Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Рекомендовать
Последние новости