Талантты мамандарды ұстап қалу үшін Қазақстанға ұлттық идея керек - Арсен Томский

Dalanews.kz 05 июн. 2025 13:44

Әлем цифрлық революция дәуіріне қадам басты. Қазақстан бұл жаһандық технологиялық бәсекеде енжар бақылаушы болып қала ма, әлде белсенді ойыншы бола ала ма? Осы сауалдың жауабын TALDAU TALKS подкасының арнайы шығарылымында Қазақстан Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова және әлемдік деңгейдегі IT-компания inDrive басшысы Арсен Томский талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінде, шынымен де, ерекше кезеңде өмір сүріп отырғанымызды айтып, жасанды интеллект, суперкомпьютерлер мен стартап деген сөздер болашақтың тақырыбы емес, бүгінгі күнделікті шындыққа айналғанын жеткізді.

"Цифрлық революция – бұл кезекті технологиялық жетістік қана емес, адамзаттың жаңа бір даму циклының басталуы. Осы үдерісте Қазақстан енжар бақылаушы емес, белсенді ойыншы болуы тиіс деп есептеймін. Бірнеше жыл бұрын біз жасанды интеллектті алыстағы бір перспектива ретінде көрдік. Бірақ қазір көріп отырғанымыздай, ол барлық салаға қарқынды еніп келеді. Сондықтан біз осы жаһандық трендтерден қалыс қалмауымыз керек", - деді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Еуразияның цифрлық хабына айналдыру міндетін қойды.

"Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ әлі де жасалуы тиіс жұмыстар көп. Қазіргі таңда Қазақстан электронды үкімет саласында әлемнің озық отыз елінің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Цифрландырудың негізгі мақсаты – адамдардың өмір сапасын жақсарту, қызметтердің қолжетімділігін арттыру, экономиканың өнімділігін көтеру. Жасанды интеллекттің пайда болуы тіпті интернеттің пайда болуынан да маңыздырақ өзгерістер әкеледі деп санаймын. Егер интернет біздің өмірімізді түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекттің әсері одан да терең әрі ауқымды болмақ. Мәселе тек технологияда емес, бұл жалпы өркениеттік деңгейдегі трансформация. Ол экономиканы ғана емес, мәдениетімізді, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын, тіпті күнделікті тұрмысымызды да түбегейлі өзгертеді", - деді ол.

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Қазақстан осы үдерістен тыс қалмауға тиіс.

"Осыған байланысты біз цифрлық инфрақұрылымды дамытуымыз керек, өйткені елімізде әлі де цифрлық теңсіздік мәселесі өткір тұр. Елімізде әлі де жоғары сапалы интернетке қол жеткізе алмай отырған ауылдар көп. Біз осы мәселені тез арада шешуіміз қажет. Жасанды интеллектпен бірге үлкен жауапкершілік келеді. Біз оны бақылауда ұстауымыз керек. Жасанды интеллект адамзатқа қызмет етуі тиіс, керісінше емес. Осы технологиялардың этикалық жағына да мән беріп, оны адамдардың игілігі үшін қолдану жолдарын айқындап алу маңызды", - деді ол.

Мәулен Әшімбаев жасанды интеллект тек экономикалық дамудың құралы емес, ол әлеуметтік мәселелерді де шешуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

"Медицина мен білім беруде үлкен жетістіктерге жетуімізге көмектеседі. Алыстағы ауыл тұрғындары да сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуі тиіс. Бұл да біздің ұлттық даму стратегиямыздың негізгі бағыттарының бірі болуы керек. Жасанды интеллект пен технологияны дамыту кадр мәселесіне де келіп тіреледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы елде кемінде 100 мың IT маманын дайындауды тапсырды. Қазіргі таңда осы бағытта нақты шаралар қабылданып жатыр. Университеттер мен арнайы курстар арқылы жастарды цифрлық дағдыларға үйретуіміз керек", - деді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанды талантты жастар үшін тартымды ету.

"Жас мамандарды шетелге жібермей, өзімізде қалдырудың тиімді механизмдерін жасау қажет. Бұл тек жоғары жалақымен шектелмеуі керек. Экология, әлеуметтік инфрақұрылым, білім беру мен денсаулық сақтау салалары – осының бәрі маңызды рөл атқарады. Осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылуы тиіс. Жасанды интеллектті енгізудің басты шарты – бізге үлкен идеялар керек. Технологияның өзі – құрал ғана. Оның артында үлкен ұлттық идея, нақты мақсаттар тұруы тиіс. Әлемдік тәжірибеде цифрландыруды ұлттық дамудың қозғаушы күші етіп алған елдер бар. Мысалы, Сингапур «Smart Nation», Израиль «Startup Nation» атанды. Біз де өзіміздің ұлттық идеямызды анықтап, сол идея төңірегінде бірлескен әрекеттерге көшуіміз қажет.

Біздің алдымызда тұрған тағы бір үлкен міндет – жасанды интеллекттің көмегімен әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтар жасау. Болашақта жасанды интеллект адамзат үшін маңызды теорияларды, жаңа тұжырымдарды өзі қалыптастыруы мүмкін. Бұл бізге қазіргі заманғы ғылымның шекарасынан шығуға мүмкіндік береді. Осыған дайын болуымыз керек", - деді Әшімбаев.

Ол тағы бір маңызды міндет заңнамалық тұрғыда жасанды интеллекттің дамуын реттеу екенін жеткізді.

"Қазіргі таңда жасанды интеллекттің дамуы құқықтық реттеуді қажет етеді. Бірақ ол реттеу оның дамуын тежемей, керісінше, оны қолдайтын болуы керек. Біз қазір заң шығарушы орган ретінде осы мәселені терең зерттеп, жаңа заңнамалық актілер дайындап жатырмыз. Ең бастысы, біз жасанды интеллекттің артында үлкен, ғаламдық деңгейдегі мәселелерді шешетін маңызды мақсаттардың тұрғанын түсінуіміз керек. Мысалы, климаттық өзгерістермен күрес, ғарышты игеру, әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті жою сияқты үлкен міндеттер. Осындай мақсаттарды алға қою арқылы жасанды интеллектті адамзат игілігіне айналдырамыз. Осы бағытта нақты, батыл шешімдер мен қадамдар жасайтын уақыт келді деп санаймын. Біз бүгін қабылдаған шешімдерімізбен ертеңгі Қазақстанның цифрлық дамуының негізін қалаймыз.

Қазақстанның цифрлық болашағын жарқын ету үшін бізге үлкен жауапкершілік пен бірлескен іс-әрекет қажет. Мемлекет, бизнес және қоғам бірігіп әрекет еткенде ғана еліміз цифрлық әлемдегі бәсекеде көшбасшы бола алады. Сол себепті бұл мәселеге әрбіріміз жауапкершілікпен қарауымыз керек", - деген пікір білдірді Әшімбаев.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев те осы бағытта пікір білдірді.

"Цифрландырудың қарқыны қазіргі заманда өте жоғары. Қазақстан соңғы 10 жыл ішінде цифрлық трансформацияға айтарлықтай инвестиция салды. Нәтижесінде бүгін біз электронды үкімет бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі саналамыз. Мысалы, БҰҰ рейтингінде электронды үкіметті дамыту бойынша Қазақстан әлемдік үздік 30 елдің қатарына кіріп отыр. Ал мемлекеттік қызметтерді онлайн ұсыну сапасы жағынан топ-10 елдің қатарындамыз. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы электронды форматта қолжетімді.

Қазақстан қазір қолма-қолсыз экономика (cashless economy) ретінде танылып отыр. Себебі елімізде транзакциялардың 90%-дан астамы қолма-қолсыз жүргізіледі. Мұнда Kaspi, Halyk, Freedom сияқты ірі финтех-компаниялардың рөлі өте жоғары. Сондай-ақ, заңнамалық өзгерістер де цифрлық құжаттарды дәстүрлі қағаз құжаттармен теңестіріп, азаматтарға үлкен жеңілдік жасады. Қазір мен өзім жеке басымды куәландыратын құжаттарды физикалық түрде ұстамаймын. Банктік операциялар, көлік жүргізу немесе ұшақпен сапар кезінде цифрлық құжаттарды пайдаланамын. Бұл – еліміздегі цифрландырудың нақты нәтижесі", - деді Мәдиев.

Министрдің айтуынша, қазіргі басты міндетіміз – цифрлық теңсіздік мәселесін шешу.

"Қазір ауылдық елді мекендердің үштен екісінде 4G интернет жоқ. Осы мәселені шешу үшін біз бірқатар нақты жобаларды қолға алдық. Біріншіден, ауылдық жерлерге жоғары жылдамдықты оптикалық талшықты желіні тарту жұмыстарын жүргізудеміз. Бүгінгі күні елді мекендердің шамамен 40%-ына оптикалық талшық тартылған. 2027 жылдың соңына дейін қосымша 3000-нан астам ауылдық елді мекенге интернет тартуды жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, спутниктік интернет технологияларын енгізіп жатырмыз. Мысалы, OneWeb компаниясымен келісімшарт жасасып, бұл компанияның қызметтерін Қазақстан нарығына шығардық. Бұрын бұл қызмет түрі қымбат болғанымен, Еуропалық Одақпен келісімнің нәтижесінде біз бұл қызметтің құнын үш есе төмендеттік. Алдағы уақытта Starlink компаниясының қызметтерін де елге енгізу жоспарланып отыр. Бұл ауылдық жерлерде интернетті қолжетімді етуге мүмкіндік береді", - деді ол.

Бүгінде Қазақстан жасанды интеллектті дамыту үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаны – суперкомпьютерді іске қосып жатыр.

"Біз қазір Қазақстанда өңірдегі ең қуатты суперкомпьютерді орнаттық. Оның негізгі мақсаты – ұлттық жасанды интеллект жобаларын іске асыру. Бұл бізге өзіміздің үлкен қазақстандық тілдік модельдерімізді жасауға мүмкіндік береді. Яғни, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі сапалы қолданысын қамтамасыз етіп, халықаралық платформаларда лайықты деңгейде көрсетуіміз қажет.

Жасанды интеллектті дамытудың тағы бір маңызды бағыты – адами капиталды дамыту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде кем дегенде 100 мың IT маманын дайындау міндетін қойды. Осы мақсатта біз бірнеше нақты қадам жасап жатырмыз. Жоғары оқу орындары жыл сайын шамамен 30-40 мың IT маманын даярлайды. Бірақ бұл мамандардың деңгейі нарықтың талабына әрдайым сәйкес келе бермейді. Сондықтан біз қосымша арнайы курстарды (Tech Orda сияқты) ашып, IT мамандарының біліктілігін көтеру үшін қолдау көрсетудеміз. Қазір бұл курстарды бітірген мамандардың 90%-ы жоғары табыспен жұмысқа орналасуда", - деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстанда «Alem School» бағдарламасы бойынша жасанды интеллект саласында мамандар даярланып жатыр.

"Бұл бағдарлама тегін және тәулік бойы жұмыс істейді, онда жастар өзара тәжірибе алмасу арқылы білім алады (peer-to-peer). Студенттер 20-дан астам бағдарламалау тілін үйреніп, 50-ден астам нақты жобаны жүзеге асырады. Осылайша, біз Қазақстанда IT-кадрлардың сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті көтереміз", - деді шенеунік.

Жаслан Мәдиев қазір жасанды интеллект мемлекеттік органдардың қызметіне де енгізіліп жатқанын айтты.

"Жасанды интеллекттің ұлттық платформасы құрылып, мемлекеттік қызметкерлер осы арқылы жасанды интеллект құралдарын өз жұмыстарында пайдалана алады. Біз алдағы жылдары кем дегенде 50 AI-жобаны мемлекеттік органдардың жұмысында іске қосуға дайынбыз. Оның ішінде Egov порталында, Ішкі істер министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде, Жоғарғы сот пен Бас прокуратурада жасанды интеллектті қолдану жоспарланып отыр.

Жалпы, жасанды интеллект тек қана мемлекеттік қызмет көрсету мен бизнес-процестерді автоматтандыруға ғана емес, сонымен қатар медицина, білім беру салаларында үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Ол азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудың маңызды құралына айналады", - деді ол.

Болашақта жасанды интеллекттің маңызы одан да арта түседі. Әлемдік сарапшылардың айтуынша, қазір біз тек жасанды интеллектің бастапқы кезеңінде тұрмыз.

"Жақын арада AGI (Artificial General Intelligence) деп аталатын жалпы интеллект пайда болуы мүмкін. Ол адам интеллектінен де күшті болуы ықтимал. Сондықтан біз бұған дайын болуымыз керек", - деп түйіндеді министр.

"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованың сөзінше, цифрландыру сән немесе тренд ретінде ғана қабылданбауы керек. Әрбір цифрлық жоба нақты экономикалық нәтиже беруі қажет.

"Қазпошта" – еліміздің бүкіл өңірін қамтитын ірі компания. Біздегі негізгі шығындардың басым бөлігі көлік пен қызметкерлерді басқаруға кетеді. Осы ретте цифрлық технологиялар біз үшін үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Мысалы, цифрлық технологияларды қолданудың нәтижесінде біз көлік шығынын 25-30%-ға дейін қысқарттық. Бұрын жүргізушілерді бақылау, маршруттарды оңтайландыру мүмкін емес еді. Қазір біз GPS жүйелерін енгізу арқылы көлік шығындарын нақты бақылап, сол арқылы тиімділікті арттырып отырмыз.

Тағы бір нақты мысал – логистика саласы. Бұрын Қытайдан келген тауарды Қазақстандағы тұтынушыға жеткізуге 45 күнге дейін уақыт кететін еді. Қазір біз процесті толық цифрландырып, тауар жеткізу мерзімін 12 күнге дейін қысқарттық. Яғни, әрбір посылканың қайда екенін кез келген уақытта көріп отырамыз. Бұл біз үшін өте үлкен жетістік", - деді ол.

Оның пікірінше, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері логистикамен ғана шектелмейді.

"Қазпошта" компаниясының 20 мыңға жуық қызметкері бар. Олардың жұмысы мен еңбек өнімділігін цифрландыру арқылы тиімді басқара аламыз. Бізде жұмыс режимінің 300-ден астам түрі бар, цифрлық құралдармен әрбір қызметкердің жұмыс істеген уақытын нақты бақылауға болады. Осы арқылы өнімділікті арттырып, қызметкерлерге нақты әрі әділетті еңбек ақысын төлеуге мүмкіндік туды.

Жалпы, цифрландыруды енгізгенде ең алдымен «бұл не үшін қажет?» деген сұраққа нақты жауап беруіміз керек. Мәселен, цифрландыру арқылы біз шығындарды азайтамыз ба, жылдамдықты арттырамыз ба, әлде қызмет сапасын жақсартамыз ба деген нақты мақсат болуы тиіс. Егер осы сұрақтарға нақты жауап бермесек, цифрландырудың нәтижесі де төмен болады", - деді ол.

Әсел Жанасова жасанды интеллектті дамытудың басты төрт компоненті бар екенін, оларға инфрақұрылым, деректер, алгоритмдер және қолданбалы құралдар жататынын айтты.

"Қазақстан үшін инфрақұрылым – өте маңызды бағыт. Бізде климаттық жағдай дата-орталықтар (data center) салуға өте қолайлы. Яғни, бұл – еліміздің болашақтағы маңызды артықшылықтарының бірі. Болашақта Қазақстан деректер үшін сенімді, қауіпсіз әрі экономикалық тиімді орталық бола алады. Бұрын Швейцария банк саласында сенімді ел ретінде танылса, Қазақстан болашақта дата орталықтары арқылы осы рөлді атқара алады.

Цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытудағы тағы бір маңызды мәселе – кадрлар даярлау. Жас мамандарды даярлау тек бағдарламалау тілімен шектелмеуі тиіс. Біздің басты міндетіміз – жас мамандардың терең математикалық және логикалық ойлау қабілеттерін қалыптастыру. Меніңше, қазір университеттерде оқытылатын базалық математика мен физика пәндерінің сапасын көтеру қажет. Жеке тәжірибемде, мысалы, Кембридж университетінде бізді алғашқы бір жыл тек дискретті математика пәнін оқытып, логикалық ойлау қабілетін дамытқан. Бұл өте маңызды. Сондықтан елімізде де математика мен физиканы терең оқыту маңызды деп санаймын", - деген пікір білдірді ол.

Оған қоса IT мамандарын елде ұстап қалу мәселесі де өте өзекті екенін жеткізді.

"Жас IT-мамандары тек жоғары жалақы үшін емес, қызықты әрі инновациялық жобалар үшін жұмыс істегісі келеді. Олар үшін әлеуметтік жағдай да маңызды: жақсы экология, ыңғайлы жұмыс кестесі, инфрақұрылымның болуы. Сондықтан осы мәселелерді кешенді түрде шешуіміз керек", - деп түйіндеді ол.

Халықаралық inDrive компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский жасанды интеллект – жай ғана технология емес, бұл адамзаттың жаңа деңгейге өтуі екенін айтты.

"Біз қазірге дейінгі барлық технологиялық жетістіктеріміздің шегіне жеттік, енді жаңа деңгейге шығуымыз керек. Бүгінгі қолданылып жатқан жасанды интеллект құралдары, соның ішінде үлкен тілдік модельдер (ChatGPT, Gemini, DeepSeek), бұл тек басы ғана. Алдағы уақытта Artificial General Intelligence (AGI) – жалпы жасанды интеллект пайда болады деп болжанып отыр. Бұл – адам интеллектінен де асып түсетін, тіпті адамзат үшін мүлдем жаңа шешімдер қабылдай алатын деңгей. Оған дайын болуымыз керек.

Жасанды интеллекттің көмегімен адамзат бұрын шешілмеген көптеген проблемаларды шешеді деп ойлаймын. Мысалы, менің АҚШ-та тұратын досымның әйелі ауыр науқасқа шалдыққан еді. Миллиардер досым әлемдегі ең үздік медицина орталықтарына жүгінді, бірақ дәрігерлер диагнозды таба алмады. Ақыр соңында ол ChatGPT көмегіне жүгінді. Небары үш сағат ішінде жасанды интеллект оған аурудың ықтимал төрт себебін анықтап берді. Нәтижесінде нақты диагноз қойылып, тиісті ем-дом жүргізілді. Бұл – таңғаларлық оқиға, бірақ шындық. Осындай құралдар болашақта шалғай ауылда тұратын адамға да, миллионерге де бірдей қолжетімді болуы мүмкін", - деді ол.

Оның пікірінше, inDrive компаниясы жасанды интеллектті әлеуметтік әділетсіздік мәселесін шешудің құралы деп қарастырады.

"Әлемнің кез келген түкпірінде өмір сүретін адам бірдей сапалы медицинаға, білімге, әділеттілікке қол жеткізуі керек деп есептеймін. Біз компаниямыздың миссиясын әділетсіздікті азайтуға бағыттадық. Жасанды интеллект осы мақсатқа жету үшін ең тиімді құралдың бірі бола алады. Қазақстанның цифрлық дамуын талқылаған кезде цифрлық тәуелсіздік туралы мәселені де көтеруіміз керек. Қазір әлемдегі ірі IT-компаниялар нарықтарды толығымен монополиялап жатыр. Олар өз өнімдері мен қызметтерін енгізу арқылы ұлттық экономикалардан орасан зор қаражатты сыртқа алып кетуде. Мен мұны цифрлық колониализм деп атаймын. Сондықтан біз цифрлық суверенитет мәселесін ертерек қолға алуымыз керек. Өзіміздің жергілікті IT-компанияларымызды қолдап, олардың ұлттық нарықта бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуіміз қажет", - деді ол.

Оның пікірінше, бұл мәселе Қазақстан үшін өте маңызды.

"Біз компаниямыздың штаб-пәтерін Алматыға орналастырдық. Мен әлемнің көптеген елінде болдым, бірақ Алматының әлеуеті өте жоғары екеніне көзім жетті. Мұнда өте жақсы адамдар тұрады, әдемі табиғат, дамыған инфрақұрылым бар. Бірақ екі мәселе шешілсе, Алматы одан да тартымды болар еді. Біріншісі – экологиялық жағдай, екіншісі – көлік қозғалысының мәселесі. Бізге IT-мамандарды Қазақстанда ұстап тұру үшін осы мәселелерді шешу керек. Себебі талантты адамдардың көбі экологиялық таза жерде тұрғысы келеді.

Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту үшін басты екі нәрсе қажет деп санаймын. Біріншісі – мықты ұлттық идея. Яғни цифрландыру тек құрал ғана, оның артында нақты идеология тұруы керек. Әлемдік тәжірибеде кез келген елдің дамуы ұлттық идеямен байланысты болған. Мысалы, АҚШ-тың «америкалық арманы», Израильдің «Startup Nation» идеясы. Қазақстанның да осындай айқын әрі тартымды ұлттық идеясы болуы қажет", - деп түсіндірді ол.

Арсен Томский  бұл істе талантты адамдарды тартуымыз керек екенін мәлімдеді.

"Қазіргі заманда негізгі ресурс – талантты адамдар. Бұрын елдер байлық үшін алтын мен дәмдеуіштерге таласса, бүгін талантты жастар үшін бәсеке жүруде. Біз талантты жастарды тартып, оларды Қазақстанда ұстап қалудың тиімді механизмдерін жасағанымыз абзал. Бұл тек жоғары жалақыны қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Жастар үшін қызықты жобалар, еркін шығармашылық орта, заманауи инфрақұрылым мен әлеуметтік жағдай маңызды", - деді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – жасанды интеллектті дамыту үшін Қазақстанның географиялық жағдайын тиімді пайдалану.

"Қазақстан – аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекет. Елдің үлкен аумағы күн және жел энергиясын өндіруге үлкен мүмкіндік береді. Қазіргі кезде ірі деректер орталықтарына (дата-орталықтар) электр энергиясы өте қажет. Біз дата-орталықтарын елдің климаттық ерекшеліктерін ескеріп, тиімді орналастырсақ, бұл болашақта еліміздің артықшылығына айналады. Мысалы, таулы аймақтарда дата-орталықтарды салсақ, оны суытуға кететін энергия шығындары төмен болады. Осы арқылы Қазақстан халықаралық IT-компаниялар үшін өте тиімді орынға айналуы мүмкін.

Қазақстан цифрлық дәуірде көшбасшы елге айналуы үшін біз батыл, тәуекелге барудан қорықпайтын саясат жүргізуіміз керек. Цифрлық даму тәуекелдерсіз жүзеге аспайды. Егер біз қателіктерден қорықсақ, ештеңе өзгермейді. Мысалы, президент Тоқаев ұсынған «криптоқала» жобасы – өте батыл идея. Бізге осындай инновациялық жобаларды жиі жүзеге асыру қажет. Олар сәтті болса, оны бүкіл елге таратуға болады. Мен Қазақстанның болашағына сенемін. Бұл елде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытудың барлық алғышарты бар. Тек нақты ұлттық идеяны айқындап, талантты адамдарға қажетті жағдай жасау керек. Сонда ғана Қазақстан цифрлық әлемнің алдыңғы қатарлы елі бола алады деп ойлаймын", - деп түйіндеді ол.


Рекомендовать
Последние новости