"Сиырдың мөңірегенінен оянасың". Депутаттар уақыт белдеуін өзгертуді талап етті

Көркем Алдабергенова 06 сент. 2024 15:25 5688

Мәжілістің бір топ депутаты уақыт белдеуіне өзгертуге байланысты үндеу жасап, алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында мәселе көтерілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай инстаграм парақшасында айтты. 

– Мыңдаған халықтың арыз-шағымы, тілегіне орай арнайы мәлімдеме жасағымыз келіп отыр. Бүгін “Аманат” фракциясының Мәжілісте арнайы жиынын өткіздік. Осындағы әріптестеріміз куә: осы жазда өңірлерді аралаған кезде, әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облысы, Жетісу өңірінде халық тарапынан ең көп қойылған сұрақ – уақыт белдеуіне байланысты болды. Олар бұрынғы уақыттың қайтарылуын талап етіп жатыр. Бәлкім, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар. Бірақ шығыс үшін тиімсіз. Біздің Шығыс Қазақстанда таңғы екі жарымда таң атады. Сиырдың мөңіреген дауысынан оянасың. Кешкі бес-алты тасқараңғы. Екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар. Олар қалай қайтады? Ауылды жерлерде тіпті жарық жоқ" – дейді Мақсат Толықбай бастаған бір топ депутат.

Халық қалаулылары жер үлкен болған соң георафия бойынша уақыт белдеуі алдын ала зерттелуі керек еді дейді. Депутаттардың сөзінше, оның денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша энергия артық шығындалып жатқаны алдын ала зерттелуі қажет болған.   

– Сондықтан, бүгін арнайы фракцияның жиынын өткіздік. Уәде еткендей алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында Үкімет мүшелерін, ғалымдарды, мамандарды шақырып, тыңдау өткіземіз. Нақты ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар. Үкіметтің нақты шешім қабылдауына ықпал етеміз, – дейді олар.

Мақсат Толықбаймен Нұртай Сәбилянов та Абай облысына барғанда осы мәселені халық көп көтергенін атап өтті.

Айта кетейік, биыл 1 наурыздан бастап жаңа уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілген болатын. Үкімет басшысы таяуда Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы қаулыға қол қойған еді. 


Рекомендовать
Последние новости