"Судың құны 300 теңге!". Аймағамбетов мектеп асханаларының жұмысын сынға алды

Dalanews 24 мая 2022 06:42 725

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп асханаларының жұмысына көңілі толмайтынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Министр өңірлердегі мектептерді аралағанын айтты. Сол кезде өзі байқаған өзекті мәселелердің бірі мектеп асханаларының жұмысы болған. Бұл мәселелерді нормативтік деңгейде шешу үшін жұмыс тобы құрылған.

"Бұл бағытта бақылауға алынатын және нормативтік құқықтық актілер деңгейінде шешілетін бірнеше проблема бар", - деп жазды Аймағамбетов әлеуметтік желіде.

Біріншісі – қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінің пайдаланылмауы.

Бұған дейін министрлік асханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу талабын бекіткен.

Министрдің айтуынша, мұның бірнеше артықшылығы бар. Бұл гигиенаның сақталуына әрі кезектің тез жылжуына көмектеседі.

Сондай-ақ балаларда қолма-қол ақшаның болмауы оларды қауіптерден сақтайды. Ата-аналарға да шығынды бақылау оңайырақ болады. Бірақ көбінесе қолма-қол ақшасыз төлем жүйелері өшіріліп, пайдаланылмайды.

Екіншісі – буфет өнімдерінің құны.

Мектеп асханасында 0,5 литр су 300 теңгеден немесе бәліштер мен тоқаштардың дүкендердегі бағадан қымбатқа сатылатыны сұрақ туындатады. Бір қалада бірдей өнім бағасында 50-70%-ке дейін айырмашылық болуы мүмкін.


Үшіншісі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік.

"Кейбір өңірлер асханаларды МЖӘ (Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы жеке кәсіпкерлерге беріп жүр. Біз МЖӘ-нің дамуын қолдаймыз. Бірақ кейде бұл конкурсты өткізбеу үшін және асхананы кәсіпкерге тікелей (10-15 жылға) беру үшін жасалады", - дейді Аймағамбетов.

Біріншіден, ол конкурс өткізілуі керек деп санайды. Салым сомасы аз мөлшерде, мысалы, 5-7 млн теңге емес, тиісті көлемде болуы қажет. Бұл қаражат тоңазытқыштар, плиталар, үстелдер мен орындықтарды сатып алуға жұмсалады. Яғни, сайып келгенде кәсіпкер өз жұмысына қаражат салады.

"Сондай-ақ біз жұмыстың ақылға қонымды мерзімдерін белгілегенді қолдаймыз. Асхананы 15-20 жылға келісімшарт жасау сұрақ туғызады", - дейді ведомство басшысы.

Төртіншісі – мектеп асханасында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тыйым салынған өнімдерді сату.

Мысалы, фастфуд, газдалған сусындар, чипсы және тағы басқа.


Аймағамбетовтің айтуынша, министрлік қызметкерлері бірнеше облысқа барып, бірқатар мектепте осындай фактілерді анықтаған. Әсіресе, Түркістан облысында жиі кездеседі. Мұндай фактілер анықталған жағдайда дереу СЭС органдарына хабарлау қажет.

Ол осы проблемаларды нормативтік деңгейде шешу үшін білім министрлігінде жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Заңнамаға бірқатар толықтыру енгізуге бастама жасалды, оның аясында арнайы нормалар бекітіледі.

Бұл нормалар – асханалардағы буфет өнімдерінің бағасын реттеу, ашық конкурстар және ақылға қонымды кезеңге МЖӘ арқылы асханаларды беру, қолма-қол ақшасыз төлемді және тамақтанудың тиісті сапасын қамтамасыз ету.

"Біз кәсіпкерлердің де мүддесімен санасу керек екенін түсінеміз. Бірақ біз үшін балалар әрқашан бірінші орында. Демек, бұл олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды білдіреді", - деп түйіндеді Аймағамбетов.

Министрлік аталған бағыттар бойынша жұмысты жалғастырады.

Рекомендовать
Последние новости