Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мүгедектігі бар тұлғалардың конституциялық құқықтарының бұзылуын анықтады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қадағалау органы жүргізген талдау нәтижесінде салық заңнамасының өрескел бұзылуы әшкереленген. Атап айтқанда, жеке табыс салығы мүгедектігі бар азаматтардан заңсыз түрде ұсталып келген.
Мәселен, 2023–2024 жылдары Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Мамлют, Шал ақын және Тайынша аудандарындағы бірқатар жұмыс беруші мүгедектігі бар 366 қызметкерден жалпы сомасы 16,9 млн теңге көлемінде жеке табыс салығын негізсіз шегерген. Алайда қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, мұндай азаматтар бұл салықтан босатылған.
Сондай-ақ Есіл ауданында білім бөлімі қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балалардың 24 заңды өкілінен 1,7 млн теңге көлемінде салықты заңсыз ұстаған.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде мемлекеттік кірістер органдары 6,2 млн теңгені қайтаруды қамтамасыз етті. Қалған соманы өтеу және кінәлілерді жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасып жатыр.