Экс-министр Жақсылықов жаңа қызметке тағайындалды

Сағыныш Сардарова 30 июн. 2025 09:28

Қорғаныс министрі қызметінен кеткен Руслан Жақсылықов жаңа лауазымға тағайындалды. Енді ол Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары міндетін атқарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Руслан Жақсылықовты осы қызметке тағайындау туралы өкімге қол қойды.

Еске салайық, 8 маусымда Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді. Оның орнына Дәурен Қосанов келген болатын.

Жақсылықов қызметтен кеткен соң БАҚ-та оның ұсталғаны туралы қауесет тарап, түрлі ақпарат пайда болған. Алайда бұрынғы министр мұндай мәліметті бірден жоққа шығарды. Бас прокуратура да Жақсылықов ұсталғаны туралы ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Руслан Жақсылықов туралы не белгілі?

Руслан Жақсылықов 1966 жылы 4 наурызда Алматы облысының Қаскелең қаласында дүниеге келген.

ІІМ, Қорғаныс министрліктерінде жауапты қызметтер атқарған. Соның ішінде:

2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылы қаңтар аралығында – Ішкі істер министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бас қолбасшысы болды.

2022 жылғы 19 қаңтардан  2025 жылдың 8 маусымына дейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметін атқарды.

II дәрежелі "Даңқ" орденімен, шет мемлекеттерінің екі орденімен және КСРО, ТМД, Қазақстан Республикасының 35 медалімен наградталған. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Әскери атағы - генерал-лейтенант.


Рекомендовать
Последние новости