СҚО әкімі газдандыру мәселесі және әуежайға қатысты пікір білдірді

Dalanews 01 авг. 2022 05:40 712

Жылына бір рет орталық коммуникация қызметі алаңында облыс басшылары есеп беретін еді. Енді жаңа Қазақстанда жылына екі рет журналистер алдына шығу дәстүрге айналмақ. Осы жолы ОКҚ-да Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы есеп беріп, тілшілердің сұрағына жауап берді.

Облыстағы агроөнеркәсіп кешенінде оң динамика барын жеткізіп, ономастикада ілгерілеушілік барын атап өтті.

Брифинг барысында барысында өңір басшысына Dalanews.kz тілшісі облысты газдандыру мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстың барысы жайлы сұрақ қойып өтті.

"Солтүстік Қазақстан облысына газды тартудың әртүрлі нұсқалары қаралып келеді. «Сарыарқа» газ құбырына қосу – ең қолайлы нұсқалардың бірі болып тұр. Өйткені Нұр-сұлтан қаласына өздеріңіз білесіздер көгілдір отын жетіп қалды ғой.

Екінші кезеңі Нұр-сұлтан-Көкшетау, үшінші кезеңі Көкшетау мен Петропавлға дейін. Қазір Энергетика министрі есеп жасап жатыр.

Екінші мәселе Ресей Федерациясы арқылы газ тарту бойынша «Газпром» басшыларымен кездесу өткізіп, талқыладық. Бүгінде облысты табиғи газбен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті параметрлер магистральдық газ құбыры жобасына енгізілген.

Әрине жылыту маусымында көмір мен отынға көп қаржы кетеді. Егерде өңірге газ тартылған жағдайда, әлдеқайда тиімдірек болатын еді" деді Құмар Іргебайұлы.

Сонымен қатар өңір басшысы брифингте біздің тілшімізге аукционға бірнеше рет шығарылған Петропавл қаласындағы әуежай мәселесі жайлы да айтып өтті.


"Әуежай облыс әкімдігінің балансында. Қазіргі кезде нысанның шығыны, табысынан көп. Әрі әуежайды қалыпқа келтіру үшін, авиациялық қауіпсіздік қызметі бірнеше талап қойып, ондағы олқылықтың орнын толтырыңдар деп бірнеше рет айтты.

Ол үшін инфрақұрылымды жақсартуымыз керек. Оған 1 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Сонымен қатар көптеген мамандарды тартуымыз керек. 150 адамға арналған штат болуы қажет. Бюджетте ондай шығынға қаржы қарастырылмаған. Сондықтанда біз сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін әуежайды аукционға шығардық", – деді Құмар Ақсақалов.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында газ мәселесі шешімін тауып жатса, инвесторлардың да өңірге деген қызығушылығы артары сөзсіз.

Рекомендовать
Последние новости