Спутник? Ресей шпиондары AstraZeneca вакцинасы туралы мәліметті ұрлаған - The Sun

Dalanews 12 окт. 2021 06:16 660

Ресейлік жансыздар AstraZeneca компаниясының коронавирусқа қарсы вакцина өндіру формуласын ұрлап, соның негізінде Спутник V вакцинасын әзірлеген деп хабарлайды Dalanews.kz британдық The Sun басылымына сілтеп.

Өз кезегінде Британ үкіметі кибер шабуылдар және зияткерлік меншікті ұрлау жөніндегі кез-келген ақпаратқа салмақты қарайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы Британия премьер-министрінің өкілі The Sun басылымындағы мәліметтер бойынша жауап беріп жатып айтты.

Ол арнайы қызметтің ісіне қатысты сұрақтарға жауап бермейтінін айтып, Ресейге ешқандай айыптау тақпады.

Бір күн бұрын The Sun басылымы ресейлік тыңшылар AstraZeneca компаниясының коронавирусқа қарсы вакцина өндіру формуласын ұрлап кеткенін, ол кейін "Cпутник V" вакцинасын өндіру үшін пайдаланғанын хабарлаған.


Ақпаратқа қарағанда, бұл туралы арнайы қызмет жақында британ үкіметіне мәлімет берген.

Екі вакцина – британиялық, ресейлік те – аденовирустық вакцина болып есептеледі, әзірленуі де ұқсас. Бірақ AstraZeneca-ның "Cпутник V" вакцинасынан айырмашылығы - шимпанзе аденовирусы негізінде әзірленген. "Спутник V" Ресейде 2020 жылдың тамызында, AstraZeneca Британияда желтоқсан айында тіркеуге алынған.

Былтыр Батыс елдерінің арнайы қызметі вакцина туралы мәліметтер алу үшін ресейлік хакерлер кибершабуылдар жасағанын мәлімдеген.

Басылымға пікір білдірген Британ билігінің өкілі вакцинаға қатысты құпия мәлімет фармацевтикалық компаниядан немесе зертханадан тарағанын растаған.

Елдің Ішкі істер министрі Дэмиан Хайндстың атап өткеніндей, Ұлыбританияға қарсы кибершабуылдар жыл өткен сайын жиілеп келеді.

"Өндірістік, экономикалық бағыттағы тыңшылыққа тежеу қою керек. Мұндайға әбден машықтанған шпиондардың қулығына құрық бойламайды. Ұлыбританияның коммерциялық құпиясын әшкерелеп, жасырын, құнды мәліметті қолға түсіргісі келетін шет мемлекеттер бар екені жасырын емес", – дейді ол.

Айта кетелік, өткен жылдың наурыз айында британ барлау қызметі ресейлік хакерлердің Оксфорд университетіне бірнеше мәрте шабуыл жасағанын мәлімдеген.


Шабуыл мерзімі университет ғалымдарының коронавирусқа қарсы вакцинаны ойлап тапқан уақытымен тұспа-тұс келген. Былтырғы жылдың сәуір айында Оксфорд ғалымдары AstraZeneka -ны сынау тәжірибесіне кіріскен еді. Артынша, бір айдан кейін ресейлік ғалымдар COVID-19-ға қарсы вакцина әзірлегенін хабарлаған.

Кремль жоғарыдағы мәліметтерді әдеттегідей жоққа шығарды. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған жауап беріп жатып, "The Sun ғылыми емес басылым" деген.

Рекомендовать
Последние новости