Сотта Шерзаттың мәйітінің суреті көрсетілді

Көркем Алдабергенова 21 мая 2025 15:20

Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде 21 мамыр күні оның мәйіті түсірілген фото көрсетілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сол күні сотта бұл іске қатысты басты айыпталушы Абзал Шынасылдан жауап алынды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сот отырысында Абзал Шынасылдан марқұм Шерзаттың дене жарақаттарына қатысты сұрақ қойды. Бұған дейін сотта Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембиева баласының бетінде және денесінде жарақат болғанын айтқан еді.

"Мына дене жарақатына қатысты не айта аласыз?", – деп сұрады адвокат.

Алайда айыпталушы Абзал Шынасыл бұл сұраққа қысқа ғана жауап қайырды:

"Білмеймін. Шерзатқа қолым тиген жоқ. Шерзатты мен ұрған жоқпын", – деді ол.

Суретте Шерзаттың бетінде және денесінде жарақаттар бар.

Еске салайық, бұған дейін Абзал тағылған айыпты жартылай мойындайтынын айтты. 

Айыпталушы Абзал Шынасылдың айтуынша, оқиға болған күні ол достары – Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белгожаев, Равиль Сакиев және кәмелет жасқа толмаған Д.Ы.-мен бірге кафеде демалып отырған. Сол кезде оған Нұрбол Тоқтаубаев қоңырау шалып, "Қамажай" дүкені маңында досын біреулер соққыға жыққанын хабарлаған.

Абзалдың сөзінше, ол оқиға орнына келгенде, төбелес басталып кеткен екен. Ол сондай-ақ Шерзаттың ағасы – Нұрғанат Ғайыпбаевтың өзіне қарай мылтықпен оқ атқанын айтты.

«Содан кейін олар Шерзатпен бірге Шота Руставели көшесімен қашып кетті. Кейін Шерзат құлап түсті. Ол құлаған кезде мен оны ұрып, тептім. Сосын мен Нұрғанатты үш рет пышақтадым. Мұны мойындаймын», – деді Абзал Шынасыл.

Сот барысында Абзалдан не үшін пышақты өзімен бірге алып жүргені сұралғанда, ол оқиғадан үш күн бұрын жанармай бекетінде белгісіз үш адам шабуыл жасағанын, сол себепті өзімен бірге пышақ алып жүргенін айтқан.

Алайда сотта Абзал Шынасыл бұрынғы айтқан сөздерінен бас тартты. Оның айтуынша, Шерзатты өлтірген ол емес және пышақты кім қолданғанын білмейді.


Рекомендовать
Последние новости