Тері обыры мен меланомаға қарсы ақпараттық апта аясында Өскемен қаласындағы ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында, сондай-ақ облыстағы барлық бастапқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде Ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Кез келген адам онколог-дәрігерлер мен дерматологтардан тегін кеңес, тері қатерлі ісігін алдын алу, өзін-өзі тексеру және ерте анықтау жолдары туралы ақпарат ала алады.
ҚР Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша, 2023 жылы Қазақстанда 3500-ден астам тері қатерлі ісігі және шамамен 300 меланома жағдайы тіркелген. Аурушаңдық жыл сайын өсуде, әсіресе 55 жастан асқан әйелдер арасында.
Тері қатерлі ісігі — ерте анықталған жағдайда емделетін онкологиялық аурулардың бірі. Сондықтан өз денсаулығыңызға мұқият қарап, тері күйін тұрақты бақылау маңызды.
Алдын алу шаралары:
- ультракүлгін сәуледен қорғану (киім, SPF кремі, солярийден бас тарту);
- ай сайынғы теріні өзін-өзі тексеру;
- жыл сайын дерматологқа қаралу (әсіресе 50 жастан кейін).