Қазақстан ресейлік "Татнефть" компаниясының технологияларына қызығушылық танытып отыр: Бектенов Магановпен кездесті

Сағыныш Сардарова 21 мая 2025 15:55

Олжас Бектенов "Татнефть" бас директоры Наиль Магановпен мұнай-газ секторында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды талқылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов "Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наил Магановпен кездесу өткізді. Атырау облысында бутадиен және синтетикалық каучук өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысын қоса алғанда, мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды.

"Татнефть" ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов жобаның қазіргі жағдайы туралы хабарлады. Бүгінде мердігер қытайлық China Tianchen Engineering Corporation инжиниринг компаниясымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

Резеңке-техникалық өнеркәсіпте және шиналар өндірісінде пайдалану үшін 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучук (ДССК), жол жабындары мен пластмассаларға қажет 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучук (СБС) және жыл сайын жоғары октанды бензин ретінде 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін шығару жоспарланған. Инвестициялық кезең іске қосылатын мерзім - биыл 1 шілде.

Кездесу барысында "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылатын "Қаратон Подсолевой" учаскесінде геологиялық барлау жұмыстары талқыланды. Қазір 5,5 мың метрге терең барлау ұңғымасын бұрғылау жүріп жатыр.  

Сондай-ақ, терефтал қышқылы (ТФҚ) және полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіру жобасына назар аударылды. Премьер-министр ҚР Үкіметі бірлескен жоспарларды іске асыруда және өзара тиімді ынтымақтастық үшін шешімдер іздеуде сындарлы диалогқа ашық екенін айтты.

Қазақстанның отандық өнеркәсіпке "Татнефть" технологиялары мен сараптамасын енгізуге мүдделілігі атап өтілді.


Рекомендовать
Последние новости