Ақтөбеде сот ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасының бастығы мен аға тергеушіні пара талап еткені үшін тиісінше тоғыз және сегіз жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Dalanews.kz Әскери соттың баспасөз қызметіне сілтеп.
«Ақтөбе гарнизонының әскери сотында ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасының Батыс өңірлік басқармасының бастығы «Д» мен аға тергеуші «С»-ға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтарына (пара алу) сәйкес қылмыс жасағаны үшін қылмыстық іс қаралды. (…) Сот үкімімен «Д» тоғыз жылға, ал «С» сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Сот материалдарына сәйкес, Батыс өңірлік басқармасының бастығы мен аға тергеуші 2024 жылғы желтоқсанда куәгерден 1 миллион теңге көлемінде пара талап еткен. Олар ер адамды жұмыстан шығарамыз және басқа да салдарлар болады деп қорқытқан. 24 желтоқсанда күдіктілер 700 мың теңге алған сәтінде ұсталды.
Айыпталушылар кінәсін толық мойындамаған.
Екеуі де әскери шендерінен айырылды.