Ережелерді қатаң сақтау қажет - Тоқаев ТМҰ саммитінде

Сағыныш Сардарова 21 мая 2025 16:30

Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажет, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек", – деді Президент.

Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына назар аударды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұл ретте Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.


Рекомендовать
Последние новости