Ақтөбедегі «Мансап» орталығы арқылы биыл 120 адам курстар оқып, жұмысқа орналасқан

Жарбол Кентұлы 21 мая 2025 20:51

Ақтөбе облысында «Мансап» орталықтары арқылы жаңа мамандықты игеріп жатқан азаматтар қатары артып келеді.

Ақтөбе қаласындағы «Мансап» орталығының маманы Райымгүл Қожантаеваның айтуынша, биыл жұмыссыз ретінде тіркелген 120 адам түрлі мамандық бойынша курстарда оқып, жұмысқа орналасады.

– Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында басталған жобаның мақсаты – жұмыссыздарды жұмыспен қамтып, олардың білімін шыңдау. Курсқа қабылдау 23 сәуірде басталды. Бүгінде шаштараз курсында – 10, пішуші курсында – 12, тігіншілік курсында 9 адам оқып жатыр. Бұдан бөлек алдағы уақытта жұмыссыздарға кондитер, аспаз, слесарь-сантехник курстары оқытылады. Мұнда ынталы қатысушылар теориялық білім алып, үйренгенін тәжірибе жүзінде пысықтайды. Курсты аяқтағанша білім алушыларға 43574 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Былтыр 160 адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеріп шықты. Оның 141-і жұмысқа орналасып, 39 адам өз еркімен, әртүрлі себеппен оқуды жалғастырудан бас тартқан.

Жұмыссыз қала тұрғындарын Некрасов көшесі, 112 мекенжайында орналасқан жұмыспен қамту орталығында күтеміз. Мұнда жұмыссыздарға кеңес беріліп, олар мамандығына қарай курс оқуға бағытталады, – дейді ол.

Оқыту болашақ жұмыс орындарында өтеді. Болашақ жұмыс берушілердің бірі – «Есет батыр» тұрғын алабындағы сұлулық салонының иесі Мәдина Жалғасбаева. Оның салонында ашылған «Beautymania» оқу орталығында 10 жұмыссыз әйел шаштараз мамандығы бойынша білім алады.

Курста оқып жатқандардың бірі Гауһар Мұсаева екінші ай бойы ерлердің шаш қию технологиясын оқып, меңгеруге талпынуда. Ол күйеуімен бірге алты бала тәрбиелеп отыр.

– 13 сәуірде «Мансап» орталығына жұмыссыз ретінде тіркелдім. Қазір білікті мамандардан шаш қиюдың түрлі әдістерін үйреніп жатырмын. Бір қуантарлығы, курсты оқып бітіргеннен кейін сән салонында бір жыл көлемінде еңбек ете аламыз. Адамдар үнемі шаштарын қиып, өздеріне күтім жасап жүреді. Сондықтан сұраныс әрқашан болады, яғни өзімді де, отбасымды да қамтамасыз етуге мүмкіндік бар деген сөз, – дейді жас келіншек.

Айта кету керек, мансап орталығы курс оқитындарға төленетін шәкіртақыдан бөлек жұмыс берушіге де ай сайын оқу құнын төлейді. Оның мөлшерін өңірлік комиссия белгілейді. Оқуды аяқтаған жұмыссызды кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастыру - жобаға қатысуға ниет білдірген жұмыс берушілер үшін міндетті талап болып табылады.


Рекомендовать
Последние новости