Алматылық азамат Әлнұр Ільяшев Ресей жалға алып отырған Сарышаған зымыран сынақ полигонының Жамбыл ауданы Үлкен ауылында салынып жатқан атом электр станциясына жақын орналасуын қауіпті деп санайды. Ол бұл жағдай оның конституциялық құқықтарын және МАГАТЭ қауіпсіздік нормаларын бұзады деп есептейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еске салсақ, маусым айында Ільяшев Қазақстан Үкіметін сотқа беріп, атом электр станциясының орнын анықтау жөніндегі қаулысын заңсыз деп тануды талап еткен. Өйткені құрлықтық баллистикалық зымырандар сынақтан өтетін полигон Үлкен ауылдық округінен небәрі 22 шақырым жерде батысқа қарай орналасқан.
Алайда 10 шілдеде Астананың азаматтық істер жөніндегі межрайондық соты талапты қанағаттандырудан бас тартқан. Соттың шешімі бойынша, АЭС-тің нақты қай жерге салынатыны әлі белгісіз, ал Үлкен ауылдық округінің аумағы ауқымды.
8 тамызда Үлкен ауылының маңында АЭС құрылысына бастау беру рәсімі өтті. Ал 25 қыркүйекте Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру бойынша конкурс жарияланды. Сол күні Ільяшев бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағымын қарауға берді.
Апелляциялық шағымында ол алғашқы соттың шешімін заңсыз деп санайтынын, себебі сот істің мән-жайын толық зерттемей, процессуалдық нормаларды бұзғанын айтты.
Ол дәлел ретінде 1975 жылғы қайғылы оқиғаға қатысты деректерді қоса ұсынды. «Караван» газетінде жарияланған мақалада Астрахан облысынан ұшырылған зымыран Мақат полигонына жетпей, Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) екі тұрғын үйді қиратқаны, салдарынан 8 адамның қаза тапқаны жазылған. Мақала авторы Атырау облыстық ҰҚКД архивтеріне сүйенген. Ільяшев осы деректерді растауды сұрап, ресми сұрау салғанымен, жауап ала алмаған.
Қорғаныс министрлігіне де жүгінген ол ведомстводан «бұл құжаттар ҰҚК архивінде» деген жауап қана алған. Ал жалпы деректер бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігі архивтерінде қалып қойғаны айтылған. Дегенмен, министрлік полигон аумағынан тыс жерлерде зымыран қалдықтарының табылғанын растады.
"Жергілікті тұрғындар (шопандар, диқандар) сынақ полигондарының аумағынан тыс жерлерден зымыран және әуе нысаналарының сынықтарын тапқан жағдайлар болған. Бірақ оларда адам шығыны мен бүліну тіркелмеген. Алайда бұл мәліметтер қызметтік ақпарат болғандықтан толық ұсынылмайды", – делінген ресми жауапта.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының отырысы ұзаққа созылған жоқ. Судьялар қысқа ғана кеңесіп, апелляциялық шағымды қанағаттандырудан бас тартты. Алғашқы соттың шешімі күшінде қалдырылды.