Соңғы үш жылда 237 әскери қызметші қайтыс болған – Бас Әскери прокуратура

Dalanews 18 апр. 2023 05:59 1103

ҚР  Қорғаныс министрлігі 2022-2025 жылдарға арналған «Өмірді сақта» бағдарламасын бекіткен-ді. Бұл – әскердегі  суицид, әлімжеттік, өлімге әкелген оқиғалардан кейін, халықтың жан айқайынан туған бағдарлама деп айтуға әбден болады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әскерде орын алып жатқан фактілердің барлығы да себеп емес, салдар. Ал, себеппен күресте кешенді жоспар мен мемлекет деңгейіндегі ауқымды шаралар қажет.

ҚР Бас Әскери прокурорының ақпаратына сәйкес соңғы үш жылда 237 әскери қызметші  қайтыс болған. (2020 жылы – 77 адам, 2021 жылы – 96 адам, 2022 жылы – 64 адам).

Олардың 145-әскерге келісім-шартпен келгендер, 59-офицерлер, 31- сарбаздар.

Бұл азаматтардың 89-ы науқастан көз жұмған, 62-і жол апатынан, 50 адам  суицидтен, ал 8 адам өзге себептермен қайтыс болған. Ең көп, яғни 89 адам ауырып көз жұмған. Бұдан әскерге  шақырылатын жастардың денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамайды. Жасөспірімнің тән мен рух тәрбиесінде қолға алынуы тиіс жұмыстар көп екенін көрсетеді.


Мысалы, 13-14 жастағы  ер балалардың денсаулығы, тән саулығы, психикасы, психологиясы үнемі бақылауда болуы керек. Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше ол баланың бүкіл психо-физикалық портреті, барлық ақпарат арнайы электронды кітапшада жиналып тұруы тиіс. Бұл ақпарат орталықтандырылып тиісті платформада сақталғаны жөн.

Қазірге кезде міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр. Сарбаздың психо-физикалық  денсаулық жағдайы – әскери  өмірге бейімделуде ең маңызды фактор. Әскерге дейінгі, жасөспірім шақтан жиналған, сарапталған ақпарат суицидке бару, әлімжеттік көрсетуге бейім адамдарды  ерте анықтап, көптеген  проблемалардың алдын алар еді деп есептейміз.

Бұл проблемалардың барлығы әскери мамандық иелерінің  абыройына, қоғам алдындағы мәртебесіне нұқсан келтіретіні сөзсіз.

Рекомендовать
Последние новости