Дариға Назарбаева Лондондағы зәулім сарайын сатып, тыныштық тапты

Dalanews 19 апр. 2023 02:26 1256

Выходу к морю телеграм арнасынан жеткен хабар бойынша атышулы Дариға Назарбаева Лондондағы дүние-мүліктерінен біртіндеп арыла бастаған. Соның ішінде ағылшынның әйгілі жазушысы Артур Конан Дойлдың кейіпкерлері Шерлок Холмс пен доктор Ватсон тұрды деген Бейкер-стриттегі (221б) үй көптен бері көпшіліктің назарын аударып жүрген-ді.

Бейкер-стриттегі үйдің қожайыны Дариға Назарбаева екенін 2015 жылы Global Whitness зерттеу жобасы анықтаған.

Ол кезде Назарбаеваның иелігіндегі үй 185 млн фунт стерлингке бағалаған-ды (теңгеге шаққанда 84 млрд!). Мұны The Times газеті де растаған-тұғын. Аталған басылым кезінде Бейкер-стриттегі үйді Дариға Назарбаеваның экс-күйеуі Рахат Әлиев 140 млн фунт стерлингке сатып алғанын жазған.


Рахат Әлиев қаза болғаннан кейін әйгілі үй Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевтің иелігіне өткен еді.

Осыған дейін Бейкер-стриттегі әйгілі үй Farmont Baker Street Ltd компаниясына тиесілі болған. Аталған компания БАӘ-де тіркелген Landmark Network Real Estate LLC компаниясына қарағанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

2022 жылы Farmont Baker Street компаниясының директоры мен заңды мекен жайы өзгерген. Осыдан кейін бизнес-реестрде біз сөз етіп отырған үйдің жаңа қожайындары ретінде Джош Баумгартен мен Адам Шварцтің есімдері атала бастады.

Джош Баумгартен мен Адам Шварц Angelo Gordon деп аталатын инвестициялық компанияның Лондондағы филиалының директоры болып қызмет атқарады.  Активтері 53 млрд-ды құрайтын Angelo Gordon американдық зейнетақы қорларының капиталдарын тиімді жобаларға инвестициялап пайда табатын компания.

Осыдан кейін Дариға Назарбаеваның Бейкер-стриттегі үйі Нью-Йорктың іргесіндегі Джерси қаласына тіркелген Baker Melcombe Property Ltd компаниясының иелігіне өтті. Дариға Назарбаева әлемнің назарын аударған үйді американдықтарға сатып, тыныш тапқан сынды.

Айтпақшы, кезінде 140 млн фунт стерлингке сатып алған үйін 110 млн-ға әрең өткізген Назарбаева 30 млн фунт стерлинг шығын шегіпті. Бірақ қойны-қонышы ақшаға толы Назарбаева үшін бұл бас ауыртатын мәселе емес. Қайда қалмаған миллиондар десеңізші?..


Ең бастысы енді оның құлағы тыныш: әлемдік ақпарат "Бейкер-стриттегі әйгілі үйді айлыққа қарап отырған Дариға Назарбаева қалай ғана алды?" деп қазбалауды доғарады.

 

➡️  Украин заңгері Людмила Козловская Мұхтар Әбілязовпен тізе қосып, Ақордағы шабуылды үдетіпті. Толық ақпарат сілтемеде:

https://t.me/dalainside/1277

https://dalanews.kz/news/88620-ayes-mamandar-yekologiialyq-saraptama-zh

https://dalanews.kz/del-qazir/88294-biz-manggurt-ekenbiz-qazaqstanga-qash

https://dalanews.kz/bas-takyryp/88267-tabigi-baylyq-elding-turaqty-damuyna-n

 

Рекомендовать
Последние новости