"Біз мәңгүрт екенбіз!". Қазақстанға қашып келген якут әншісінің ащы шындығы...

Dalanews 20 апр. 2023 04:57 1046

Соғысқа жол жоқ! No war! Сэрии суох буоллун! Тәуелсіздік таңы ататын күн жақын... Әлемжелідегі "Азат Якутия" парақшасының қақ маңдайында осы үндеу менмұндалап тұр. Соғыс басталған тұста ашылған парақшаның аудиториясы соңғы уақытта күрт артып, сегіз мыңдық межеге жетті, – деп хабарлайды Dala Inside.

Бұл – кездейсоқ емес. Өз жерінде ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнгісі келетін ұлт ұлдарын ажалға айдап салған Кремльдің ырқынан шығуға тырысуда. Якуттардың сана-сезімінде бұрын-соңды болмаған трансформация жүріп жатыр.

Ал осынау қозғалыстың бастауында тұрған якут белсендісі, рок-әнші Айхал Аммосов жыл басында Ресейден Қазақстанға бас сауғалауға мәжбүр болды. Якутиядағы азаттық символына айналып үлгерген Аммосов "орыс әлемімен" ақырына дейін арпалысуға бел буып отыр.

Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Игорь екен. Есейе келе түр-тұлғасының Игорекпен мүлде үйлеспейтінін, мұның зорлықпен таңған есім екенін түсінген. Айхал саха тілінде әйдік, әйгілі деген мағына береді.


"Холод" журналына сұхбат берген Аммосов орыстандыру саясатының зардабы якут халқының сүйегіне өтіп кеткенін айтыпты.

– Соғыстан қашқан якуттардың көпшілігі Қазақстанды паналады. Мұнда келгеннен кейін өзіміздің мәңгүрт екенімізді түсіндік.

Ресей бізді қойдай өргізіп, қозыдай көгендеген екен. Сөз саптауымыз, жүріс-тұрысымыз, ішер ас, киер киімімізге дейін орыстың исі сіңіпті. Якут көшелерінде мен секілді "Игорь" мен "Ивандар" өріп жүр. Олар бұл есімдерді басқыншылардың күшпен таңғанын білгісі де келмейді.

Қазақтар? Біз оларға қызыға қараймыз. Өз тілінде именбей, еркін сөйлеседі. Көше атауларын ұлттың арғы-бергі тарихындағы қайраткерлерге қайтарған. Бізде бұның бірі де жоқ. Якуттердің бүгінгі буыны мәңгүрттік дейін айықпас дертке шалдыққан. Ел билігі Кремльдің қазанын асып, отын жағып отыр... –  деп қынжылады Айхал.


Әйтсе де якуттардан күдер үзуге әлі ерте. Елде Путинді қамшының астына алуға әзір аудиторияның шоғыры ұлғайып келеді.

–  Пропаганданың уыты өне-бойына тарай қоймаған ақыл-есі түзу якуттар Путиннің шапқыншылығын ақтамайды. Халықтың сабыр суы сарқылып, жанартаудай атқылауға шақ тұр. Бірақ бағдар берер, жол бастар көшбасшы жоқ. Путиннің тұсындағы Ресей якуттың бас көтерер белсенділерін қынадай қырды, –  дейді Аммосов.

2009 жылы Саха Республикасы (Якутия) тәуелсіздіктен бас тартты. Бас тартуға мәжбүр болды. Қазір ол Ресейдің құрамындағы шағын федералды аймақ, этникалық топ.


DALA экожүйесіне қарасты Dalanews.kz сайтында осыған байланысты: "Якутия тәуелсіздіктен айырылды. Қалай? Неге?" деген тақырыптағы сараптама жарық көрген.

Dalainside рок-әншімен көлемді сұхбат құруға талпынады. Бізге жеткен мәлімет бойынша Айхал Қазақстанда ұзақ аялдағысы келмейді, сондықтан асығу қажет. ФСБ якуттың рок-әншісін қолға түсіру үшін жанталасуда.

 

➡️  Dalainside арнасы Ресей дінаралық қақтығыстың алдында тұрғанын тәпсірлепті, толық ақпарат сілтемеді:

https://t.me/dalainside/1239

https://dalanews.kz/news/88447-satqaliev-tagy-da-zhazyq-zherde-surindi

https://dalanews.kz/del-qazir/88386-kudebaevtyng-qashuyna-qyrgyzdyng-robi

https://dalanews.kz/news/88358-qazaqstandy-putinning-qupiia-odaqtasy

https://dalanews.kz/news/88339-turkistanga-berilgen-status-madeni-m

https://dalanews.kz/aimak/88328-turkistan-oblysynda-soltustik-ongirl

 

Рекомендовать
Последние новости