Осыдан 10 жыл бұрын Якутия тәуелсіздіктен айырылды. Қалай? Неге?...

Dalanews 07 қаз. 2019 14:29 1089

Мына суреттегі кім демеңіздер, Александр Габышев дейтін адам – бұл. Якут бақсысы. Жасы 50-де. Қоларбаға азын-аулақ керек-жарағын артқан күйі Мәскеуге қарай жаяу шыққан. Мақсаты – Владимир Путинді тақтан құлату.

Якуттың қос бақсысының антипутиндік акциясы


«Путин сендерге әмір емес. Еркін өмір сүріңдер! Мен жұртты ертіп Мәскеуге бармақпын. Мен жалғыз өзім әлсізбін. Менімен бірге жүріңдер! Көп дүниені үйренесіңдер. Сонда ғана біз өмірді өзгерте аламыз. Путинді қуу керек. Болды. Менің жалғыз міндетім осы. Сонда ғана бәрі өзгереді. Әзірге біз бейбіт шеру жолымен келеміз. Керек босла күш қолданамыз», депті якут бақсысы.

Бақсы жаяулатқан бойы Читадан өтіп,  Улан-Удэге жеткен. Жол бойы оны қолдаушылардың саны көбейіп келеді дейді орыс ақпараты. Оның жаяу жорығына қосылғандар болмағанымен, ол жүріп өткен елді мекен тұрғындары материалдық көмек көрсетіп, ас-суын жеткізіп отырған көрінеді.

Кремльден Путинді қууға бара жатқан якут бақсысы Бурятияға жеткенде күштік құрылымдар оны құрықтаған екен. Жаяулатып жорыққа шыққан жарымқұрсақ жалғыз бақсының тұтқындалуы кең масштабты қойылым болған.

Бақсыны тұтқындау үшін арнайы жасақ федералды трассаны жауып тастаған. Иркутскі облысының шекарасына таяу маңда, орманда шатыр құрып жатқан бақсыны тұтқындау үшін қырық шақты адам келген.

Бетперде киген әлгілер бақсы шатырын айнала қоршап, тұтқындап, белгісіз жаққа алып кеткен. Тұтқындауға келген арнайы жасақ мұздай қаруланған. Бақсыға араша түскендерге күш қолданып, кейін оларды да тұтқындаған.  Енді оған «экстремистік топ құрды» деген айып тағылуы мүмкін.

Сөйтіп, әлемге әмір жүргізу дейтін империалистік амбициясын ашық аңғартып жүрген Кремль қожайыны Владимир Путинге қарсы жорыққа шыққан якут бақсысы Чита мен Улан-Удэні басып өтіп, Иркутскінің шекарасына жеткенде ұсталды.


Айтпақшы, бақсы Габышев туралы орысты қойып, «The Guardian», «Deutsche Welle», «The New York Times» секілді әлемдік аудиториясы бар басылымдар жазып, «Amnesty International» дейтін Халықаралық құқық қорғау ұйымы араша сұрапты.

Ақырында Путинмен жекпе-жекке шыққан жаяу бақсы жолда құрықталды. Әңгіме осымен тәмам болуы керек пе еді, бірақ, Александр Габышевтің тұтқындалуынан кейін «Путин-Ібілісті Кремльден қуамын» деген ұранмен жаяулатып және бір бақсы шықты Якутиядан.

Ол – Александр Барчахов дейтін зейнеткер. Ол әуелі Якутскіге ұшып бармақ көрінеді. Ол жақтан тұтқындалған бақсы Александр Габышевтің батасын алып, сосын Габышев тоқтаған жерден, яғни Иркутскі шекарасынан әрі қарай жалғастырмақ екен.

Якутиядан шыққан бұл бақсылардың Кремльге, Кремльдің қожайынына осынша кектенуіне себеп те жоқ емес.  27 қыркүйек – Якутия Тәуелсіздігін жариялаған күн. Басқа емес, дәл осы Владимир Путиннің билігі Якутияны сол Тәуелсіздігінен айырған ЕДІ. Еске түсіріп, бір шолып шығайықшы...

Тәуелсіздіктің 19 жылы


2009 жылы Саха Республикасы (Якутия) тәуелсіздіктен бас тартты. Бас тартуға мәжбүр болды. Қазір ол Ресейдің құрамындағы шағын федералды аймақ, этникалық топ.

2009 жылдың 17 маусымында Саханың Мемлекеттік жиыны ел Конституциясын өзгертті. Заңның жалпы мәтінінен Якутияның Тәуелсіздігі мен азаматтығы туралы бап алынды. Дәл осылай путиндік Мәскеу Якутияның 19 жылдық тәуелсіздігінің түбіне жетті.

1990 жылдың 27 қыркүйегінде, РСФСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы Борис Ельциннің Жарлығынан кейін Саха КСР Тәуелсіздігі, яғни Якутия суверенитеті туралы Декларация қабылданған.

1991 жылы қабылданған «Якутия-Саха КСР Мемлекеттік статусы туралы» заңы бойынша Якутия республика азаматтығын беруге, өзінің дербес құқықтық жүйесін құруға, Ресеймен және өзге де шет мемлекеттермен қарым-қатынас орнатуға, дербес ішкі және сыртқы саясат жүргізуге құқылы болды.

Сөйтіп, өз алдына бөлек қоғамдық және мемлекеттік жүйе орнатты. Конституция түзді. Ол бойынша ешбір сыртқы ықпал етуші күш елдің ішкі шаруасына Якутия Жоғарғы кеңесінің рұқсатынсыз араласа алмайтын. Тіпті Кремльге де шектеу қойылған еді.

Сөйтсе де, кейбір мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметтер РСФСР билігімен ақылдасып шешіліп отырды. Бұл құқықтық міндеттер федеративтік және одақтық келісімшарттар негізінде жүргізіліп отырды.

Ал 1991 жылдың қазан айында «Республика Президенті» лауазымы бекітілді. Якутияның алғашқы президенті Михаил Николаев дейтін адам болды.



Николаевтың тұсында Мемлекет атауы өзгерді. Якутия-Саха КСР енді Саха Республикасы (Якутия) болды.

1992 жылдың 4 сәуірінде Якутия өз Конституциясын қабылдады. Ол бойынша Якутия Тәуелсіз, халық таңдауы мен құқығына негізделген демократиялық және құқықтық мемлекет еді.

Конституцияға сәйкес, Якутия Президенті өз әскерін жасақтауға, ал мемлекет өз территориясында орналасқан табиғи кен орындары мен қазба байлықтарын өзі игеруге құқылы болды. Ал мемлекеттің бір бөлігі РФ азаматтары үшін жабылды. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы кезең Якутия мемлекетінің гүлденген шағы болған.

Конституция қабылданғаннан тұп-тура 1 айдан соң, Якутия Жоғарғы кеңесі арнайы шешім шығарып, елдің 34 ауданының 11-іне арнайы режим енгізді. Азаматтығы жоқ тұлғалардан арнайы аудандарға кіру үшін рұқсат қағазы (пропускі) талап етілді. Ал ол рұқсат қағазын алу үшін Якутияның арнайы ауданының азаматтары немесе сол ауданда орналасқан кәсіпорындардан шақырту талап етілді.

Ал арнайы режим енгізілген аумақтың жалпы көлемі 1,33 миллион квадрат километрді құраған. Былайша айтқанда, Якутияның солтүстігі мен оңтүстік-шығыс бөлігі түгел дерлік жабық болды. Ереже-тәртіп бұзылған жағдайда елден депортациялайтын.

Бұған әрине, Мәскеу наразы болды. Алайда 1993 жылы Якутия Конституциялық Соты «Ресей азаматтары үшін арнайы режим енгізу – РФ Конституциясында көрсетілгендей, олардың жүріп-тұруы құқық шектеу емес, Якутия заңын орындаудың механизмі» деп мәлімдеді.

Владимир Путиннің билікке келуі




Жоғарыда айтқандай, Якутияның Тәуелсіздік жариялап, дербес мемлекет құруы Борис Ельцинің тұсында болса, Владимир Путин билікке келген 2000 жылдан бастап Якутия түрлі саяси қысымға ұшырай бастады. Якутия билігінің кен орындарына өзі қожалық жасауы Мәскеудің мазасын алды.

2000 жылдың 30 мамырында Владимир Путин өңірлік лидерлерге РФ мен өңірлер арасындағы шекараны, басқару жүйесіндегі шектеулерді алып тастауды талап қылды.


Сол кезде ресейлік басылымдар «Якутия мен өзге де өңірлер Конституциясының жартысынан көбі РФ Конституциясына қарама-қайшы» деп дабыл қағып, дау шақырып жазды.

Владимир Путиннің басқаруындағы Ресейдің Якутияға шүйлігуінің ең басты себебінің бірі – Якутия аумағындағы табиғи кен орындарына жергілікті биліктің иелік етуі болды.

Бұл Якутия Конституциясына сай еді.

Мысалы, осының негізінде елдегі алмас өндірумен айналысатын ең ірі «АЛРОСА» компаниясы кен орнын пайдаланып отырғаны үшін Якутия билігіне ай сайын алым-салық төлеп отырды.

Якутия мен Кремльдің арасындағы дау жалғасып жатты. Мәскеудің тықақтауымен Якутия орталықтың талабын орындайтын болды. 2001 жылы Якутия президенті Михаил Николаев жергілікті депутаттарға Республика Конституциясындағы 80-нен астам бапты қайта қарауды тапсырды.

Бұл 80 бапты Кремль РФ Конституциясына қарама-қайшы деп таныған еді. Бұл 80 бап Ресейдің Якутияға ықпалын әлсіретіп, оның кен байлықтарын игеруге шектеу қоятын негізгі баптар еді.

Николаев бұл келісімге не үшін барды? Сол кезде Якутияда президенттік сайлау өткізу жоспарланған. Михаил Николаев үшінші мәрте президенттікке түспек болады. Ол үшін Кремльдің қолдауы керек. Ақыры елдік мүддені президенттік кресло үшін сатып жіберуге мақұл болады.

Алайда Якутия депутаттары Николаев ұсынған 80 баптың тек 29-ын қарауға келіседі. Сол кезде Николаевтың көмекшісі болған Светлана Охлопкова ресейлік «Коммерсантқа» сұхбат беріп, депутаттардың Николаев тапсырмасын елемеуі – президенттік науқанмен байланысты екенін айтып, бұл демарш  депутаттардың арасында президенттік амбициясы бар бірлі-жарым адамның үгіттеуімен болған деген ауандағы пікірін айтқан.

2001 жылдың 3 мамыры күні Якутияның Жоғарғы Соты тек төртінші қаралымнан кейін ғана Республика прокуратурасының өтінішін қанағаттандырып, федералды Конституцияға қайшы делінген 67 бапты заңсыз деп таныған. Бұл 67 бап Якутия Конституциясындағы баптар еді.

Алайда жергілікті депутаттар Конституциядан «Якутия президенті өз армиясын жасақтауға құқылы» деген бабын ғана алып тастауға келіседі.

Аяғында ел-халықтың арасында Николаевтың имиджі түсіп, оны президенттік додадан ығыстырып шығаруға бірнеше мәрте әрекеттер жасалады.

 2001 жылы Михаил Николаев президенттік сайлауға түсуден өз еркімен бас тартуға мәжбүр болады.

Социалды мемлекет статусы


2002 жылдың 13 қаңтары күні Якутия президенті болып «АЛРОСА» басшысы болған Вячеслав Штыров тағайындалады. Оны жергілікті жұрт Мәскеудің адамы деп есептеді.



Ал 2004 жылы Штыров Мәскеуге қарсы демаршқа шығады. 22 шілдеде Ресей Президентіне, Премьер-министріне, Думаның қос палатасына арыз-хат жазады. Якутия мен Ресей арасындағы құқықтық міндеттерді бөлісудің әділ жасалмағанын айтып шағымданады. Ресей билігіне наразылық білдіреді.

«Мәскеу қаржының көп бөлігін мемлекеттің ішкі аудандарына бөліп, өңірлерден түсетін салықтың басым бөлігін федералды бюджетке аударады. Ал шеттегі аймақтарға халыққа әлеуметтік төлемдер жүргізуді міндеттеп, қосымша жүк артады» деп айыптады.

Штыровтың хатын Якутиядан бөлек бес аймақтың басшылары, Бурятия, Хабаровск аймағы мен Сахалин, Магадан облыстарының басшылары, Корякс автономды округінің, Камчатск, Чита, Амур облыстары мен Еврей автономды облыстарының жауапты тұлғалары қолдап, қол қояды.

Штыров арызында «Федералды заң жобасына енгізілген түзетулер – Конституцияда жазылған әлеуметтік мемлекет статусын терістейді» деп жазылған. Мәскеу Штыров пен өзге де аймақ басшыларының бұл шағымын елеусіз қалдырды.

Ақпараттық шабуыл


Штыровтың хаты баспасөзде жария болысымен-ақ, Кремльдің ақпараттық пропогандасы дереу іске қосылады.

Федералды БАҚ Якутия президентін, яғни Штыровты айыптап ақпарат таратады. Оны коррупционер дейді. Әсіреұлтшыл дейді. Якутия билігі мен Мәскеу арасындағы бұл соғыс біраз жылға созылады.

Мәскеу бұл уақыт ішінде ақпараттық һәм саяси қысымды үздіксіз жүргізіп отырады. Якутия билігінен жергілікті Конституциядағы «Тәуелсіздік» туралы бапты алып тастауды талап етеді.

2009 жылы Якутия Конституциясына 50-ден астам өзгерту енгізіледі. Ал Якутия депутаттары Конституциядан талап етілген бапты алып тастауға қарсы болады.

Якутия Тәуелсіздігіне соңғы нүктені Ресейдің Конституциялық Соты қойды. 2009 жылдың 8 маусымында РФ Конституциялық Соты Татарстан, Башқұртстан, Тыва мен Саха (Якутия) Республикаларына аз уақыттың ішінде Конституциядан «тәуелсіздік» туралы бапты алып тастауды талап етеді. Шешім шыққан соң, 1 апта өткенде Якутия Мемлекеттік жиыны Ресей талабын орындауға келіседі. Осылайша, Якутияның 19 жылға жалғасқан Тәуелсіздігі жойылады.

Түйін. 27 қыркүйек Якутия суверенитеті туралы Декларация қабылданған күн. Ал өткенде антипутиндік акция бастап, Путиннің жынын қағуға шыққан бақсы Габышев қазір тұтқында. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. «Экстремистік әрекет жасауға халықты үгіттеді» деген айып тағылған.

Нұргелді Әбдіғаниұлы


Арнайы «Қала мен Дала» газеті үшін


 

Осы және өзге де құнды, қызықты мақалаларды "Қала мен Дала" газетінен оқи аласыздар! 


На изображении может находиться: 2 человека

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар