“Смайыловқа қарсы дауыс бергем”: Депутат Бәпи Бектенов кандидатурасын қолдайтынын жеткізді

Қаракөз Амантай 06 февр. 2024 15:02 2645

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи отставкаға кеткен Смайылов Үкіметі кедейшілікке қарсы күресте экономикалық міндеттерді жүйелі атқара алмағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Өткен жылы мен Әлихан Смайыловтың Үкімет басшысы болуына қарсы дауыс бергем. Смайылов жақсы жігіт болғанымен, оның премьерлік функцияны атқаруға шамасы жетпеді. Отставкаға кеткен Үкімет қымбатшылықты ауыздақтай алмады әрі кедейшілікке қарсы үкіметтік бағдарлама жасай алмады. Яғни, Үкімет өзіне жүктелген міндеттерді атқаруға қауқары жетпеді”, - деді Ермұрат Бәпи.

Депутат жаңа Үкімет басшысы ретінде “Amanat" партиясы ұсынған Олжас Бектеновтің кандидатурасын қолдайтынын айтты. Оның ойынша, Бектенов заңсыз кеткен активтерді елге қайтара алады.

“Қазір елдің бюджеті дефицит жағдайда, оның үстіне қазынаны инвестиция құюмен толтыру болмайтын нәрсе. Өйткені ол үстеме пайызбен қайтарылатын дүние. Менің ойымша, бюджетті толтырудың әдісінің бірі ел ішінде және шетел асқан активтерді қайтару. Менің ойымша, Олжас Бектенов Үкімет басына келсе, Президент алдымен заңсыз кеткен активтерді қайтаруды міндеттейді. Әрине, Бектенов бұған дейін әкім не министр болмады. Бірақ ол Президент әкімшілігін басқарып, тәжірибе жинады. Одан бөлек, сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы болды”, - дейді депутат.

Осы тұста Бәпи Бектеновке заңсыз шетел асқан қаражат, сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбы таңсық болмайтынын алға тартты.


Рекомендовать
Последние новости