Скляр Ескі Қазақстан тұсында тамыр жайды - депутат Бапи

Сағыныш Сардарова 17 мая 2024 10:37 4203

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ескі Қазақстан тұсында да болған қазіргі кейбір шенеуніктердің іс-әрекетіне баға берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның пікірінше, Склярға Ескі Қазақстанның ықпалы болуы әбден мүмкін.

"Склярға деген мүдделілік саяси биліктің тарапында бар. Бір жаман ойым, Ескі Қазақстанның ықпалы бар ма деп ойлаймын. Ол Ескі Қазақстанның кезінде келді, содан қалыптасып қалды. Сол кезде вице-премьер болды. Содан бірінші вицеге жетті", - деді ол.

Депутат қазір премьер-министрдің орынбасары болып отырған, бірқатар лауазымды қызмет атқарған Тамара Дүйсеноваға қатысты да пікір білдірді.

"Біріншіден, Тамара Дүйсенова - білікті әрі таза адам. Ол - білікті, білімді, содан кейін өзінің ісіне таза, артында шұбырған коррупциялық жанжал жоқ, тура жүретін азамат.

Екіншіден, Тамара Дүйсенова басқаратын саланың бәрін оңалтып жіберуге жалғыз Дүйсенованың шамасы жетпейді. Бұл әлеуметтік сала ғой. Мемлекеттік бюджеттің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Соның өзінде әлеуметтік жағдайымызды шеше алмай жатырмыз. Сондықтан осы тұрғыдан Тамара Дүйсеноваға қатысты мәселені масшабты тұрғыда қарау керек. Ол жерде пенсия, денсаулық, білім - бәрі бар. Қоғамның, қазақтың мәселесінің бәрі Тамара Дүйсенованың қолында тұр. Сондықтан жалғыз өзі қырып тастамады екен деп жазғыратындай емес", - деді депутат.

Ермұрат Бапи Төтенше жағдайлар министрлігін басқарып отырған Шыңғыс Әріновтің жұмысына да баға берді. 

"Бізде министр, әкім деген лауазым саяси тұлға болуы керек. Нақты сол саланың маманы болуы міндет емес. Сол саланың мәселесінің бәрін біріктіріп, соның саясатын қозғайтын, маңына команда топтастырып, жұмыс істеуге ықпал ететін тұлға болуы керек. Мұғалім де болуы мүмкін, бірақ сол саланы жұмылдыра алатын біліктілігі, танымы, түйсігі бар, беделі бар азамат болуы керек.

Ит пен мысықты құтқару, жануарды қорғау деген - әлемдік тренд. Жалпы жаман көрініс емес. Бірақ қазіргі қалыптасқан тасқын жағдайында бізге оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ ит мен мысықты тасқыннан алып шығу адамзаттың түсінігінде жаман емес қой. Олай ете берсең, тырнақ астынан кір іздейтін мәселе көп. Бірақ оны да қорғаштап тұрған жоқпын. Өзі тағайындалғанына көп болмаған жігіт қой. Мен төтенше жағдай министріне байланысты алабөтен сөз айта алмаймын", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости