Әлия Назарбаевадан көрмеген құқайы қалмағанын айтқан кәсіпкерлер енді шетелден үміт күтеді

Сағыныш Сардарова 16 мая 2024 15:19 4947

Экс-президенттің үшінші қызы Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекеттерінен зардап шеккенін мәлімдеген кәсіпкерлер "Ескі Қазақстанның құрбандары" атты қозғалыс аясында біріккен. Енді олар шетелден заңгерлік қолдау іздеп отыр. Себебі елдегі әділдікке күмәнмен қарайды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz деректеріне сүйенсек, 16 мамырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында "Ескі Қазақстанның құрбандары" қозғалысының өкілдері өз мүддесін қорғау үшін халықаралық инстанцияға жүгінуге уәде еткен. Тұңғыш президенттің қызын "кәсібімді рейдерлік жолмен басып алды" деп айыптағандардың бірі - кәсіпкер Нұрлан Бимурзин, ол - "Азия" ТРК-нің бұрынғы иелерінің бірі. 

"Ақпанда Бас прокуратураға өтініш бердік. Ол істі полицияға жіберді. Ол өз кезегінде материалдарды Алмалы ауданына тапсырды, алайда Алмалы ауданына ешқандай қатысымыз жоқ. Бізге қылмыстық іс қозғаудан бас тартты, кейін материалдарды Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментіне тапсырды. Онда бізге "біздің не қатысымыз бар?" деді. Біз тергеу сотына шағым түсірдік, ол да істен бас тартты; содан кейін қалалық сотқа шағымдандық, олар да солай жасады. Өз елімізде, өз үйімізде қорған таба алмай, әділдікке қол жеткізе алмай жүрміз", - деді Нұрлан Бимурзин.

Басылым мәліметінше, Назарбаеваны жауапқа тарту әрекеттері шынымен саябырсып қалғанға ұқсайды. Өйткені басылымға берген жауабында Алматы прокурорының орынбасары Асхат Шәріпов Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиевтің Әлия Назарбаева мен Валентина Роговаға қарсы мәлімдемесі номенклатуралық өндіріске шығарылғанын айтқан. Оған қоса прокуратурада қылмыстың құрамын көрсететін "жеткілікті деректер болмағаны" айтылған.

"Нұрлан Бимурзиннің айтуынша, мұндай жағдайда "Ескі Қазақстанның құрбандары" халықаралық деңгейге шығуға мәжбүр. "Азия" ТРК-нің бұрынғы иелері өз мүддесін қорғау және рейдерлік басып алу дерегін дәлелдеу үшін ұлтаралық заң компанияларымен ынтымақтасуға ниетті", - деп жазылған мәліметте.

Басылым деректеріне сүйенсек, қоғам белсендісі Жарқын Күрентаев "Азия" ТРК-ні басып алу туралы іс бойынша жаңа құжаттар алған. Оның айтуынша, бұл құжат Валентина Рогованың бизнесті иемдену схемасына қатысын растай алады.

"Наурыздың басында БАҚ Валентина Рогованың Назарбаева ханымға тек заңгерлік қызмет көрсеткені туралы мәлімдемесін таратты. Бірақ оның 95 пайызы Әлия Назарбаеваға тиесілі "Арлан" холдингтік компаниясының директоры қызметін атқарғанын куәландыратын құжат бар", - деді ол.

Белсенді қазақстандық құқық қорғау органдарының көмегі болмаған жағдайда өздерін "Ескі Қазақстанның құрбаны" деп санайтын кәсіпкерлер шетелдік инстанцияларға жүгінуге және АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Швейцариядан ақпарат сұрауға мәжбүр екенін айтты.

"Әлия Назарбаеваның мүлкі дәл сол жерде деген күдік бар. Біз халықаралық заң компанияларымен келісімге қол қоямыз және оның мүлкін шетелден іздеумен, тәркілеумен айналысамыз", - деді ол.

Айта кетейік, биыл 28 ақпанда "TPK Asia" ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзин серіктесі Мегдат Қалиев екеуі Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын мәлімдеген болатын.

Бимурзиннің айтуынша, 2003 жылы Әлия Назарбаева өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион доллар болатын (2003 жылғы есеп бойынша - еск.) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін тартып алған.

"Басында қаржы полициясы қысым көрсетті. Сосын Әлия Назарбаеваның өкілі келіп, бізге қорған болуға шамалары жететінін жеткізді. Ол үшін бизнестің 50 пайызы берілуі керегін айтты. Бір жылдан кейін Әлия Назарбаева енді қалған үлесті де беру керегін ескертті. Сол жылы менің әкемді олар алып кетіп, Назарбаеваның кеңсесіне апарған. Әкеммен сөйлескен. Екі ұлың үшін алаңдасаң, бизнесіңді бер деген. Амал жоқ, әкем келіседі. 

Келесі күні мен бардым. Ол жерде Әлия болған жоқ, бірақ оның орнына Рогова болды. Мен сол жерде үлесімді бар жоғы 18 125 теңгеге сатуға мәжбүр болдым", - дейді Нұрлан Бимурзин.

14 наурызда Бас прокуратура Назарбаеваның рейдерлік әрекеті туралы арызын тіркегенін хабарлады. Алайда 5 сәуірде полиция экс-президенттің кенже қызына қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны белгілі болды.


Рекомендовать
Последние новости