Щучинск қаласындағы трамплин құрылысы 12 жылдан бері аяқталмай тұр

Dalanews 13 апр. 2017 05:56 824



Былтыр басы даудан арылмай қойған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Щучинск қаласындағы республикалық шаңғы спорты базасына трамплин салып, оны 2016 жылы пайдалануға беруге уәде еткен болатын. Алайда, бюджеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалған осынау нысан сақалды құрылысқа айналып, әліге дейін аяқталмай тұр.




Бүгін министрге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Дания Еспаева аталған трамплиннің құны бастапқы бағасынан үш есеге дейін өскенін айтты. Соған қарамастан, нысан уәде етілген уақытта пайдалануға берілген жоқ.

"2015 жылдың мамыр айында сіз (ҚР Мәдениет және спорт министрі - Авт.) былай айтқан едіңіз: "Нысан қазір 90 пайызға дайын. Тек трамплинді аяқтау керек". Сол сөзіңізде 2016 жылдың 1 қаңтарында нысанды пайдалануға беруге уәде бердіңіз. Кейін 2016 жылдың 23 ақпанында Щучинсктегі халықаралық шаңғы спорты орталығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп тағы уәде бердіңіз. Ал, 2016 жылдың қыркүйек айында министрлік аталған жобаның бюджетін тағы 23 млрд теңгеге ұлғайтты. Егер нысан құрылысы 90 пайызға аяқталған болса соншама көп қаражатты қайда жұмсадыңыздар? Қалған 10 пайызды аяқтау үшін жобаның негізгі құнынан тағы 2,5 есеге көп қаражат расымен де қажет болды ма?", - деді депутат өз сауалында.

Дания Еспаеваның айтуынша, құрылысы 2005 жылы басталған жобаның алғашқы құны 9 млрд 346 миллион теңгені құраған екен. 2008 жылы ол аяқталуы тиіс болатын. Алайда, 2009 жылы бюджетке түзету енгізіліп, жобаның құны 15 млрд 244 млн теңгеге ұлғайды. Ал, бюджеттік комиссияның шешімімен 2016 жылдың қыркүйегінде жобалық-сметалық құжатқа тағы өзгертулер енгізіліп, нысан құны 38 млрд 531 миллион теңгеге өскен. Осылайша, бір ғана трамплиннің құрылысына кеткен қаражатқа 30 мектеп пен аурухана салуға болар еді.

Дереккөз: SN.kz




Рекомендовать
Последние новости